Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Айналаны шолып қарайла, жолда жүргенде абайла!

Айналаны шолып қарайла, жолда жүргенде абайла!

...Тоқсаныншы жылдар. Исі қазақ азаттықтың ақ таңы атты деп бөрікті аспанға лақтырған шақ. Күткен күніміз осы еді. Өз қолымыз ауызымызға жетті. Еркінбіз дедік. Енді бізге ешкім де тізесін батыра алмайды деп қуандық...
Солай болды да. Қазір бәрі басқаша. Өткен қиын кездерді тек естелікте ғана еске түсіреміз. Құдды бір түсіміз секілді. Не ішеміз, не киеміз, не мінеміз – бәрі бар. Нақтысы, ел әлеуеті артты. Мемлекет барлық мүмкіндіктерді жасады. Әсіресе көшелерде көретін бұрынғы некен-саяқ көлік қазіргі таңда үлкен нөпірге айналды. Таксилер күн-түн демей аш қасқырдай жортатын жағдайға жетті. Жоғарыда «Айналаны шолып қарайла, жолда жүргенде абайла» деген тақырып қойып, ой толғауымыздың да түп төркіні бүгінгі қоғамдағы сапырылысқан көлік еді. Себебі сол көліктен келетін қауіп қазіргі кезде көбейіп-ақ тұр.
Бірінші рет қаузап отырғанымыз жоқ. Талай айтқанбыз. Ең өкініштісі, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған көліктен келер қауіп әлі сейілмей тұр. Жуырда аудан әкімі аталған мәселеге қатысты шұғыл басқосу өткізді. Бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде де бардық, көрдік. Тапсырманың кемі жоқ. Ал жүгенсіз жүргізушінің айылын тартар түрі жоқ. Өзекті мәселе ауданға ғана тән емес екендігі айтпаса да түсінікті. Республика, аймақта да жол-көлік оқиғасы уақыт алға озған сайын өршіп барады. Нақтысы, атқарушы билік ұлы жол бойындағы қатерді болдырмау үшін барын салып-ақ жатыр.
Кеше ғана дүйім елдің қабырғасын қайыстырған оқиғаны қайталап айтуға ауыз бармайды. Амал жоқ. Темір тұлпарларды тізгіндеген жандарға сабақ болсын деп зор күйзеліспен еске түсіреміз. Тағы да бәзбіреуер бес күндік жалғанда соңғы аялдамасын күтіп тұрмаса екен дейміз. Періште боп келіп, періште боп кеткен 3 бірдей бейкүнә бүлдіршінді ойлап қамығамыз.
Иә, заң бар. Жауаптылар жер басып жүрсе де, ар азабын шегіп, тиісті жазасын алар. Алайда орны толмас қайғы кешкен атаананың өкініші ұмытыла қоймас. Ол – ол ма, таяу күндері замандастарымен құлын-тайдай ойнап, балабақшадан үйге қайтып келе жатқан балапанның қанаты қайырылды. Ешкім араша түсе алмады. Көпшілік сан соқты. Баланы бағым деп білген жұрттың жүрегі жылады.
Жұмыс бар. Жоққа шығара алмаймыз. Арал аудандық полиция бөлімі де қарекетсіз емес. Сақтық шараларын жиі ұйымдастырып, ережеге бағынбаған көлік иелерін тәубеге келтіру үстінде. Дегенмен, заңға қайшы әрекетке барғандардың қатары азаяр емес. Бұл жөнінде жаға ұстатар көрсеткішті қынжыла баяндаған тәртіп сақшылары бір үйде екі-үш көліктен бар екенін, әсіресе жастар жағының оқыс оқиғаға жиі ұшырайтынын қынжыла жеткізіп отыр.
Шындығында да солай. Рөлге отырса желмен жарысқысы келетіндердің қатары көп. Адам тағдырына бас ауыртқылары келмей, діттеген жерге басқадан бұрын баруға асығып, жылдамдықты шамадан тыс асыратындар жетіп артылады. Қымбат көліктің буымен тасынады. Айтпасақ ауыз күйеді. Оның бәрін ел біледі. Тарих қойнауында кеткен өткен жылы 31 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 10 адам бақилық сапарға мезгілсіз аттанған екен. Бұдан бөлек, 43 адам түрлі дәрежеде жарақат алып, аурухана төсегіне таңылыпты. Көңілге қорқыныш ұялатса да, былтырғы мәліметтегі сандарды сөйлеттік. Ал осы жылы ше? Тіптен сорақы. Яғни жыл аясында тіркелген 11 айдағы мәліметке сүйенсек, адамзат баласының күнделікті өміріне дендеп еніп кеткен көлік 20 адамның өмірін жалмаған көрінеді.
Жалпы, анау жерде жол апаты орын алыпты десе, таңғалмайтын дәрежеге жеттік. Неге олай? Бұл сауал бірдің емес, көптің санасында тұру керек. Жүргізуші асықпаса, мінгізген жолаушының қауіпсіздігін бірінші кезекке қойса, әлгі сұрағымызға жауап өзінен-өзі табылады. Ойымды түйіндер тұста алысты болжаған Майқы бидің:
«Темірден болар көлігің, Темірден болар өлімің», – деген сөзі еріксіз еске оралды. Дұрыс, заман ағымынан ешкімнің қалғысы келмейді. Таңдайды, мінеді. Бірақ өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндірмей, қасиетті жол ережесін қатаң сақтаса, қанекей. Сұрарымыз да, тілеріміз де – сол.
Абай ЕЛЕШ
08 желтоқсан 2019 ж. 624 0