Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Толқынға" 90 жыл. Аудан әкімінің құттықтауы

"Толқынға" 90 жыл. Аудан әкімінің құттықтауы

Қадірлі жерлестер, құрметті оқырмандар!
Дәуірдің үнін, заманның мұңын ұдайы оқырман назарына ұсынып, қос ғасырдың куәсіне айналған «Толқын» газетіне биыл, яғни 1 қарашада 90 жыл! Осы бір мерейлі шақта барша зиялы қауым өкілдері мен қалам ұстаған қауымды және оқырмандарды мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын!
Оқырманды, жалпы халықты мазмұнды ақпаратпен сусындатуда баспасөз саласының қоғамда алар орны ерекше. Соның ішінде аралдықтардың «Толқын» газетіне деген ықыласын айрықша байқауға болады. Өйткені 90 жылдық тарихы бар төл басылым бұған дейін де қоғам беделділері мен ауданның, қала берді елімізге белгілі азаматтар тарапынан лайықты бағасын алып үлгерген. Алаш қайраткері А.Байтұрсынов: «Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» – деген сөз бар. Демек халық барда, қай елдің болмасын баспасөзі саласы уақыт көшінен қалмақ емес. Уақыт алға жылжиды, заман алмасады. Соған қарамастан, баспасөз саласының бірізділігі мен жұмыс ырғағы ешқашан  бұзылмайды. Мәселен, кеше әлемді әбігерге салған індет кезінде оқырманды сабырға шақырып, сақтық шараларын түсіндіруге ақпарат құралының қоғамға көмегі зор болды. Сәт сайын жаңарып отырған жаңалықтарды дер кезінде оқырман назарына ұсынып, аурудың алдын алуға үндеді, аудан тұрғындарын карантин талаптарын сақтауға шақырды. Дүйім ел біледі, баспасөз құралының бұл реттегі жүйелі жұмысы айрықша сезілді.
Құрметті оқырман! Қолыңызға тиіп отырған төл басылымның мерекелік нөмірі 90 жылдыққа арналып отыр. Бұл мерейтойды аудан көлемінде лайықты түрде атап өтуге болар еді. Бірақ өздеріңіз білесіздер, індеттің беті әлі қайта қойған жоқ. Кейбір аймақтарда карантин талаптары қайта күшейіп жатыр. Бұл «Толқынның» 90 жылдық мерейтойы елеусіз-ескерусіз қалады деген сөз емес. Біз қолдан келгенше ауданның айнасына айналған «Толқын» газетінің төл мерекесін атап өтетін боламыз. Мереке қарсаңында таңдаулы басылымның тұрақты оқырманы ретінде, әр нөмірді асыға күтетін халықпен бірге ұжымға шығармашылық табыс тілеймін. Әрбір күндеріңіз жағымды жаңалықтарға толы болғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Мұхтар Оразбаев,
Арал ауданының әкімі
30 қазан 2020 ж. 1 155 0