Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕКСЕН СЕГІЗІНШІ СЕРПІЛІС

СЕКСЕН СЕГІЗІНШІ СЕРПІЛІС

...Тәуелсіздік алған жылдардан бастап өркениет көшіне бет түзеген еліміз егемендіктің елең-алаң шағынан бергі уақытта қаншама серпінді істердің куәсі болды. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының әр жылдардағы Жолдаулары кезең-кезеңімен жүзеге асты. Осынау ұлттың қамын күйттеген игі істерді ақпараттандыруда «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты аудандық «Толқын» газетінің де үлесі бар екенін көзі қарақты, көкірегі ояу жұртшылық жақсы біледі.
Иә, «Толқын» газеті қай уақытта да уақыт ағымынан қалыс қалған жоқ. Тарихы әріден басталған, ауданның айнасына баланған «Толқынға» биыл 88 жыл толып отыр. Бас тақырыпқа сексен сегізінші серпіліс деп айдар тағуымыздың да сыры осында. Сонау отызыншы жылдары филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев алғашқы санына қол қойған, талай сөз зергерлерінің қолтаңбасы қалған басылым ә дегенненақ оқырман қауымның сенімді серігіне айналғанын сарғыш тартқан газет тігінділерінен оңай аңғарамыз. «Екпінді балықшы», араға жылдар сала «Социалистік Арал» атауын еншілеген аудан шежіресі қашанда теңізбен тағдырлас. Ауыл-аймақтағы тіршілік тынысын қаузаған бұқаралық ақпарат құралының жанашырларының да күн өткен сайын көбейіп келе жатқаны қуантады. Яғни, «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген тәмсілді іс жүзінде дәлелдеген «Толқын» газетін жергілікті тұрғындар жаңалық жаршысына балайды.
Қоғам өзгерді. Жас буынға сенім артылып, жауапкершілік жүктелді. Ұжымдағы шығармашылық топқа қойылар талап та күшейді. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білген «Толқын» газетіне үстіміздегі жылдың ІІ жарты жылдығына жазылу бастау алды. Өткенсіз болашақ жоқ. 19701975 жылдары 9 мың дана таралыммен жарыққа шыққан басылымды іздеп жүріп оқитын тұрақты оқырмандары әлі бар екеніне сеніміміз мол.
Қазіргі таңда «Толқын» газеті беттерінен «Көкейдегі сауал», «Оқшау ой», «Көрмейін десем көзім бар», «Толғандырған тақырып», «Айтайын дегенім» атты айдарлармен оқырман қалауын дөп басқан мақалалар жарық көруде. Айдынды Аралмен тамыры бір газет теңіз кенезесі кепкенде, шарқ ұрып жоқтады. Елбасының тікелей қолдауымен Кіші Арал қалпына келгенде, күллі жұртқа жар сала шаттанды. Әлеуметтік-экономикалық, рухани мәселелерді жан-жақты насихаттаған басылымның бағындырар биігі әлі алда екенін сеніммен айта аламыз. Ендеше, патша көңілді оқырман, «Толқыныңыздан» қол үзбеңіз, төл басылымыңызды іздеңіз!
 Абай ЕЛЕШ.
20 сәуір 2018 ж. 1 146 0