Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Газет тасымалдау ісі табандылықты қажет етеді

Газет тасымалдау ісі табандылықты қажет етеді

Оқырманды, жалпы, халықты мазмұнды ақпаратпен сусындатуда баспасөз саласының қоғамда алар орны ерекше. Өйткені, бұл сала бұған дейін де қоғам белсенділері мен ұлттың зиялы қауым өкілдері тарапынан лайықты бағасын алып үлгірген. Мәселен, Алаш қайраткері А.Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді»-деді. Демек, халық барда қай елдің болмасын баспасөз саласы уақыт көшінен қалмақ емес. Біз де осы салада жүргендіктен, оның қандай да бір олқылықтарын болдырмауға, дер кезінде оқырмандармен ой бөлісуге тырысып келеміз.
Хош, уақыт алға жылжиды, заман алмасады. Десе де, баспасөз саласының бір ізділігі мен жұмыс ырғағы бұзылмақ емес. Бүгінде сол ырғақпен келе жатқан бұл салада «мәселе» деп айтуға тұрарлық жайт, газет тасымалдаушылардың жұмыс барысындағы қиыншылықтары мен орын алар оқыс жағдайлар болып отыр. Басты себеп, газет тасымалдаушыларда емес, сол газетке жазылған кей оқырмандардың біздің қызметімізге түсіністікпен қарай бермейтіндігі. Шыны керек, қазіргі уақытта қауырт әрі қиын жұмыстың бірі – осы газет тасымалдау болып тұр. Біздегі қызметкерлер тасуын тасиды-ақ, бірақ кей оқырмандар жазылған газеттерді қалдыратын арнайы пошта жәшігін орнатпайтындығы айтарлықтай қиындық тудырып отыр. Шындығында, қандай хат тасымалдаушы болмасын, әркімнің ауласына немесе үйіне кіріп, газетті иесіне табыстауға міндетті еместігі пошта қағидасында көрсетілген. Яғни, үй болған үйде пошта жәшігінің болуы қалыпты жағдайға айналуы керек. Өйткені, кез келген жеке тұлғаның меншігіндегі аумаққа қызметкердің рұқсатсыз кіруге құқығы жоқ. Ал, ондай жағдайда сол қызметкерге қандай да бір залал келсе, оған сол үйдің иесі жауап беруге тиісті. Немесе керісінше, қызметкер сол үйге барғаннан кейін қандай да бір жағдай орын алса (ұрлық немесе тағы басқа) көп жағдайда газет-журнал тасып жүргендерге күмән туғызуы әбден мүмкін. Сол себепті, әрбір тұрғын қолында оқып отырған газеттің қандай жолмен, қандай бейнетпен келетінін ұғынып, қызметкердің жұмысына түсіністікпен қараса дейміз. Олардың еңбегі шындығында бағалауға лайық. Жұмыс бабымен түрлі жағдайларға ұшырасып та жатады. Әйтсе де, «бас жырылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде». Оны былайғы жұрт байқамайды, байқағысы да келмейді. Осы орайда, сол бір газет тасымалдаушы қауымның өміріне бір сәт үңіліп көрсек.
Дина есімді апайымыз Жаңа ауыл мөлтек ауданындағы өзіне тиесілі 18 көшеге 5 түрлі 800 данадан астам газетті арқалап жүріп, тасымалдайды. Газетті сұрыптау бөлімінен алады да, оны кей жағдайларда ертеңгі жұмысын жеңілдету үшін кешкілік таратады. Үлгірмегенін ертесіне қалдырады. Міне, бұл шаруа сырт көзге жеңіл көрінгенімен, нағыз бейнеттің өзі. Ал, Бақыткүл есімді газет тасымалдаушымыз500-ге жуық басылымды арқалап, 20 көшені аралап шығады. Және де сол сапарында қаладағы екі қабатты 16 тұрғын үйдің сатысына мініп-түсуге мәжбүр болады. Осы ретте, тағы бір айта кетерлік жайт, көп пәтерлі тұрғын үйлердің алдында арнайы пошта бұрышы болса кәнекей. Қала деген атымызға сын болмас еді. Газет тасымалдаушы әрбір үйдің есігін қағып жүрмей, сол пошта жәшіктеріне әр оқырманға тиісті газетті қалдыруы керек. Қазіргі қимылдауға ерінетіндердің жанында біз мысалға келтірген бұл жұмыстар қақаған қыс пен ми қайнатар аптап ыстықта бағалауға тұрарлық еңбек екені даусыз. Сол себепті, үйіме газет келеді деп күтетін әрбір тұрғын екі-үш ағаштың басын біріктіріп, арнайы пошта жәшігін аула сыртына орнатып қойса дейміз.
Тұрғындар тарапы ескере бермейтін сол қарапайым жұмыстың жоқтығы кесірінен жақында бір газет тасымалдаушыны көшенің қаңғыбас иттері талап тастады. Абырой болғанда кездейсоқ көрген азаматтар арашалап қалды. Зардап шеккен А.Сәрсенбаева:
-Қазіргі уақытта орын алған өткендегі жағдайға байланысты өз-өзіме әлі келе алмай жүрмін. Әйтсе де, халықпен жұмыс жасауда сылтауға жол жоқтығын жақсы білемін. Сондықтан, жұмысымда жүрмін. Көп жағдайда біз ауласында пошта жәшігі жоқ үйлерге кіріп, газетті оқырманның қолына ұстатып кетуге тырысамыз. Сондай сәттерде әрбір үйге үреймен кіретініміз де жасырын емес. Оны есікке немесе жақтауға қыстыра салған жағдайда газеттер желмен ұшып кетуі мүмкін. Салдарынан бізге ескертулер көп түседі. Айтпағым, кез келген оқырман біздің бейнетке толы жұмысымызға сәл де болса түсіністік танытып, жұмысымыздың жеңілдеуіне атсалысса дейміз,-деп сөз сабақтады.
Иә, бізде газетке жазылу да кішігірім науқан. Сол кездердегі мекеменің табалдырығына тыным болмайды. Сол тынымсыздық кей кездері айға жалғасады. Көбі мекен-жайда кететін кемшіліктерге байланысты. Бірінің мекен-жайы бұрынғымен кетсе, енді бірінікі басқа оқырманның мекен-жайымен алмасып дегендей. Нәтижесінде, тағы да түсініспеушілік, тағы да арыз-шағым. Нақтысы, келеңсіздіктерге жол бермеуде мекеме тарапынан жазылған оқырмандардың мекен-жайын толтыруда асқан жауапкершілік керек секілді. Осы ретте, мекеме қызметкері қателікке жол бермегені жөн. Міне, осы сынды қарапайым ғана жұмыстың артында біле-білгенге үлкен жауапкершілік тұр. Сондықтан, қай жұмыстың болмасын жеңілі жоғын ескеріп, әрбір оқырман сол жұмысшылардың орнына бір сәтке өзін қойса дейміз.
Алтынбек Бисенов,
Арал қаласы.
13 ақпан 2018 ж. 1 189 0