Қос басылымға 90 жыл

Журналистика деп аталатын жоталы мамандықтың жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандардың тәжірибесін шыңдап, өмір мектебіне айналған аға басылымдарға құрметіміз қашанда ерекше. То-том тарих пен мәдениеттің, өнер мен әдебиеттің алтын ордасына айналған бас басылымдардың бұдан былай да беделі аласармақ емес. Қоғам үнін мұқым елге жеткізіп, сырлы да сұлу сөзбен билік пен халықтың арасындағы алтын көпірге айналып келе жатқан аға басылымдардың мерейлі мерекесі құтты болсын.
Халықтың көзі, тілі, Ахметше айтқанда һәм құлағы болып келе жатқан «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің бүгін тағы бір мәрте облыс орталығында мерейі өсіп, мәртебесі асқақтады. Оған бүгін ғана А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдығына арналған «Заманауи медиа кеңістіктегі аймақтық баспасөздің маңызы мен рөлі» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция дәлел. Аймақ басшысы арнайы қатысып, құрмет білдірген қос басылымның алдағы ғұмырына біз де зор жетістіктер мен биік бедел тілейміз. Облыс абройын асқақтатып тұрған облыстық басылымдардың шығармашылық құрамына, барша әріптестерге зор құрмет білдіре отырып, көңілімізден шыққан жақсы тілектерімізді жолдаймыз. Әрқашан қаламдарыңыз ұшталып, шығармашылықтарыңыз шыңдала берсін!
Арал аудандық «Толқын» газеті ұжымы.