Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыр аналардың анасы

Батыр аналардың анасы

Ана – адам жүрегіне жылылық сыйлайтын ерекше сөз. Өмірге ұрпақ әкеліп, сол баланы жақсы етіп тәрбиелеп, коғамның өркендеуіне үлес қосушы алып құдіреттің иесі. Қазақ – қанында тектілік тулаған халық. Олардан алған өнегені өз өмірімізге үлгі етіп ұштастырамыз. Бүгінде арамызда алтын құрсақты Батыр аналар жетерлік. Солардың бірі – Шөмішкөл ауылының тұрғыны Айман Нұрпейісова.
Назерке Бақыран

Айман апа 1930 жылы Бөген ауылында өмірге келген. 1939 жылы әкесі әскерге кетіп, кейін Ұлы Отан соғысына аттанады. Сұрапыл соғыста қаза тауып, Айман апа 11 жасында жетім қалады. Жалғыз анасына сүйеніш болуды ойлаған ол балалықты жиып тастап, үлкендермен бірге еңбекке араласты. Сол кездегі елдің басты тіршілік көзі балық аулау болатын. Ол да күнкөріс қамымен көппен бірге балық аулауға шығады. Осылайша ел басына түскен  қиын күнде бауырлары мен анасын аман алып қалды.
Ауыр күндерді басынан өткізе жүріп, 1949 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері Сарбас Нұрпейісов екеуі шаңырақ көтереді. Өнегелі отбасы атанған жандар өмірге 10 бала алып келеді. Оларды тәрбиелеп өсіріп, құтты орнына қондырады. Қазірде бәрі мәуелі бәйтеректей жапырағын кеңге жайған. Айман апаның өзі ғана емес, қос қызы да батыр ана. Үлкен қызы Зибаш – 70 жастан асқан ақ жаулықты әже. Бүгінде оның да 8 баласы бар. Мұнан кейінгі Зибагүл апа да 8 бала өмірге әкеліп, олардан немере сүйіп отырған жан.
– Анамыз жас күнінде өте қонақжай, ақылды, парасатты әйел болды. Бізді бауырмалдылыққа тәрбиеледі. Өзі әкемізбен иық тіресе еңбек етті. Балық аулады. Адал еңбекпен тапқан адал аспен асырады. Содан да болар, жамандықтан аулақ болдық. Соның арқасында өз ортамызда, өз отауымызда сыйлы болдық. Өзім көп ортада өскендіктен, көпбалалы болудың қажет екендігін ерте ұғындым. Бала деген – Аллланың адамға берген үлкен сыйы. Еңбек ете жүріп, баланы да өмірге әкелдік, оларды жетілдірдік, жеткіздік. Бүгінгі күні бейнеттің зейнетін көріп отырмыз, – дейді Зибагүл апа.
Ал апамен 40 жыл бірге тұрған келіні Ұштап енесінен аналық асыл қасиетті бойға жиғандығын айтады.
– Мен 1980 жылы осы шаңыраққа келін болып түстім. Сол кезден бері анамыздан тек жақсы өнеге алып келемін. Қазір апам 90 жасқа келді. Кәрілік келгенімен өсиетті сөзінен айнымаған анамыз бізді ылғи жақсы­лық­қа жұмылдырып отырады, – деді келіні.
Бүгінде өзі батыр ана атануымен қатар қыздарына да алтын құрсақты ананың үлгісін көрсеткен жанның 8 баладан өрбіген 28 немере мен 73 шөбересі және 1 шөпшегі бар. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген. Отбасы ошақ қасында көрген өнегені бала өз өмірінде ұштастырады. Біз әңгімеге арқау еткен Айман әже де өмірі өнегелі ана.  Балалары өмірден өз орнын тауып, түрлі салада қызмет жасап, отбасында үлгілі ана мен әке атанып отыр.
08 наурыз 2020 ж. 1 251 0