Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ МАЙДАНГЕРДІ ЖАҢА ЖЫЛМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

АУДАН ӘКІМІ МАЙДАНГЕРДІ ЖАҢА ЖЫЛМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудандық мәслихат хатшысы Дәуренбек Мадиновпен бірге Сексеуіл кентіндегі Ұлы Отан соғысының ардагері Жанасов Талжан ақсақалдың отбасына барып, майдангерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде: « Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары қиыншылықтарды қайыспай көтеріп, елдің қорғаны болғаныңыз үшін Сізге бас иеміз. Еліміздің бүгінгідей бейбіт заманда жеткен барлық жетістіктерінің артында Сіздердің еңбектеріңіз бен ерліктеріңіз тұр. Біз мұны мәңгі есте сақтаймыз және мақтан тұтамыз, - деп жылы лебізін жеткізіп, облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлының құттықтау хаты мен сый-сияпат табыстады.
Талжан ақсақал мереке қарсаңында арнайы құттықтай келген аудан әкіміне ризашылғылығын жеткізіп, ел игілігі үшін жасап жатқан қызметтеріне абырой мен табыс тіледі.
Жанасов Талжан – 1925 жылы Арал ауданы, Сексеуіл кентіне қарасты № 84 разъезінде дүниеге келген.
18 жасында Кеңес Армиясына шақырылып, Ақмола қаласында бір ай дайындықтан өтіп, майдан шебіне жіберілген.
1942 жылдан бастап 1945 жылдың тамыз айына дейінгі мерзімде сұрапыл соғыста болып, өз парызын өтеген. Алдымен 1-Украина майданында, соңынан 4-Украина майданында жаяу әскер жауынгері болған.
Жанасов Талжан І,ІІ дәрежелі «Отан соғысы ордені», «Жуков-100 жыл», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Жеңістің 30, 35, 40, 45, 50, 55 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Талжан ақсақал соғыстан соң тепловоз машинисті болып жұмыс атқарған.1980 жылы зейнетке шығып, ерен еңбегі үшін «Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.
Жанасов Талжан ақсақал 3-ұл, 4-қыз тәрбиелеп өсіріп, 23 немере, 25 шөбере сүйіп отыр.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
30 желтоқсан 2019 ж. 1 274 0