Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2023 жылдан бастап ветеринарлардың жалақысы кезең-кезеңімен өседі

2023 жылдан бастап ветеринарлардың жалақысы кезең-кезеңімен өседі

2023 жылдан бастап ветеринария қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен өсіру жоспарланған. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі 55 іс-шарадан тұратын Ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын бекітті. Онда осы сауалда көтерілген ұсыныстар мен саланың проблемалы мәселелері де қамтылған. Осылайша жоспар аясында 2023 жылдан бастап ветеринария қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен өсіру көзделген.

Бұдан басқа, Үкімет «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заңды іске асыру ауқымында I және (немесе) II патогенді топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істейтін ветеринариялық қызмет саласындағы қызметкерлердің жалақысын ұлғайту бөлігінде «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулы жобасын қарап жатыр», деді Үкімет басшысы жауабында.

Сонымен қатар ол ветеринария мамандарын азаматтық қызметшілер санатына қосуға қатысты да жауап беріп, мемлекеттік ветеринария ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорындар нысанында да, мемлекеттік-коммуналдық мекемелер нысанында да жұмыс істейтінін айтқан. Оның атап өтуінше, заңнамаға сәйкес, мемлекеттік ветеринария ұйымдарының ветеринария дәрігерлері жергілікті атқарушы органдар ұйымды мемлекеттік-коммуналдық мекемелер нысанында құрған жағдайда азаматтық қызметшілер санатына жатқызылуы мүмкін.

«Бүгінгі таңда ветеринария саласындағы уәкілетті органға ветеринария дәрігеріне жүктеме нормативінің үлгілік қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыретін беру мәселесі пысықталуда», деді Әлихан Смайылов.

syrboyi.kz
08 желтоқсан 2022 ж. 592 0