Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы құндылығы – татулықта

Отбасы құндылығы – татулықта

Отбасы – киелі ұғым, ол әрбір адам баласының кішігірім отаны. Отбасы – өмірдің мағынасы, мәні мен сәні. Жалпы, қазағымыз қашан да отбасы беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауын жоғары қойған. Босағаның берік, керегенің кең, шаңырақтың биік болуын іргелі елдіктің негізі деп ұққан. Ата-бабаларымыз отау құрса, өле-өлгенше бір шаңырақта өмір сүрген. Тіпті ол кездері, болашақ жарын бұрын соңды көрмей, ата-анасы құда түсіп үйлендіретін де болған.Ал енді, әркім өз қалауымен, сүйген адамына қосылуға толық еркіндік берілген қазіргі қоғамда ажырасушылар қатары жыл өткен сайын көбейген үстіне көбейіп барады. Осыдан бірнеше жыл бұрын әрбір төртінші ерлі-зайыпты екі жаққа кететін болса, қазір әрбір екінші немесе үшінші жұп ажырасады екен. Бұл адам жанын түршіктіретін, болашағымызды бұлыңғыр ететін дүние.
Өмір болған соң, шыны-аяқ сылдырламайтын отбасы жоққа тән. Мұндайды қазақы менталитет жұртқа дабыра қылмай, отбасы-ошақ қасындағыны сыртқа шығармайтын. Қазір отбасындағы кикілжіңнің құқық қорғау қызметкерлерінің көмегінсіз шешілетіні кемде-кем. Себебі, ерлі-зайыптыны бір-бірінен бездіретін, ажырасудың ауылын сездіретін себептердің бірі-ащы суға құмарлық, жеңіл жүріс сынды аты да, заты да қорқынышты әдеттер. Қазір тіпті еркекті былай
қойып, араққа салынған әйелдер де отбасының берекесін қашыруда. Ұйытқы болар ана, тәрбие берер әке зиян әдеттерімен өз бастарының күйін күйттеп жүрген отбасында қандай ұрпақ өсіп-өнеді?
Тәжірибемнен байқағаным, некені бұзуға арызданатындардың көбісі жастар және 80-90 пайызының кәмелет жасқа толмаған бір немесе бірнеше балалары бар. Ажырасушылардың әрқайсысы әрқалай себептерді алға тартады. Бірі күйеуін кінәләса, енді бірі әйелін кінәләйді. Жараса алмадық, мінезіміз үйлеспеді дейтіндер де бар. Енді бірі күйеуім ішеді, жұмыс істемейді дейді.
Ертеректе аталарымыз бен әжелеріміз жоқшылық пен тоқшылықты көрсе де, ажырасу туралы ойламаған. Себебі, қазақта ажырасу деген ұғым ешқашан болмаған. Текті қазақтың тәрбиесі оған жол бермеді. Ал бүгінде қалай? Аға буын көрген қиындықтың біреуін бастан кешпеген жастар қит етсе, ажырасуға асығады. Сонда баяғы махаббат қайда? Ата-ананың абыройы қайда? Екі ортада көздері жасқа, жүректері мұң-шерге толы тірі жетімдерді кім аямақ?
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс. Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. "Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді". Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті» деп көрсеткен болатын.
Бауырында балалары қалған жалғызбасты әйел мен соқа басы сопайған ер-азаматтың артуы қоғамның алаңдауына негіз болатын-ақ себеп.
Некені бұзу туралы азаматтық істі қараған кезде судьяның алдында тұрған міндет ерлі-зайыптыларды ажырату емес, керісінше татуластыруға, бір сөзбен айтқанда заңды некені сақтап қалуға негізделеді. Ерлі-зайыптыларға ашу-үстінде асығыс шешім қабылдамасы үшін заң аясында ойлануға мерзім беріледі. Райынан қайтпауға бел буып келген кейбір жандарға судьяның шеберлігі мен парасаттылығының арқасында бейбіт шешімге келіп, табысып кеткендері де жоқ емес.
Статистикалық мәліметке сәйкес, Арал аудандық сотында ағымдағы жылдың 9 айында неке бұзу туралы 92 талап арыз қаралса, соның 60-ы қанағаттандырылған, ал 22-і ерлі-зайыптылардың татуласуларына байланысты өндірістен тоқтатылған.
Бұрын қазақта ажырасамыз деушілерді ел-жұрт болып бұл мәселені салмақтап, кем-кетікті түзеп отырған. Тәжірибесі аз жастарға ақыл қосып, жас шаңырақты сақтап қалған.
Әдетте әрбір жаңа нәрсе естен шыққан ескінің қайта жаңғыруы деп жатады ғой. Сол тұрғыдан алып қарайтын болсақ, қазіргі қолданыстағы медиация заңы сол ұлы дәстүрдің жалғасы деуге болады. Себебі, медиаторлар баяғы билер іспетті, ажырасамыз деген жұбайларға ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, ата-бабаларымыздан қалған өсиет сөздерді жастардың
санасына сіңіріп, бұзылған отаудың келешегі, ондағы баланың болашағы туралы ой салып, шаңырақты сақтап қалуларына жол сілтеп, неке-отбасылық қарым-қатынастардан туындайтын дауларды шешуде соттарға үлкен көмегін тигізуде.
Мысалыға айтар болсақ, Арал ауданы Жақсықылыш елді-мекенінде тұратын бір ерлі-зайыптылар, дәм-тұздары жараспай жеті жылдан бері бір-бірінен бөлек тұрып келген екен. Жуырда заңды некеден ажыраспақшы болып, соттағы құқықтық қызмет көрсету бұрышына жүгінген ерлі-зайыптыға кәсіпқой медиатормен дауды медиация тәртібімен реттеу ұсынылып, татуластыру шаралары жүргізілген. Алғашында олар некені сақтап қалуға мойын бұрмағандарымен, олардың араларындағы баланың келешек өмірі, толыққанды отбасынан тәлім-тәрбие алмаған баланың болашағы туралы медиатормен сөз қозғалғаннан кейін олар райларынан қайтып, араларындағы түсініспеушіліктерді ұмытып қайта табысқан.
Негізінен, медиация бітімгершілік пен ымыраластыққа бағытталған тиімді тетік және ол бүгінгі күні дауды шешудің ең озық әдісі болып саналады. Медиация дау-дамайлардың тез әрі тиімді, оңтайлы шешілуіне, адамның моральды түрде шаршамауына, сонымен қатар жанжалдасушы тараптардың келешек өмірлерінде бір-бірлеріне деген кек сақтамауына, кемсітпеуіне, бір-біріне кешірім жасауына зор ықпал тигізетін мүмкіндік. Бүгінде сот жүйесінде медиация институтын дамытуға оның қолданылу аясын кеңейтуге ауқымды шаралар жүргізілуде.
Жыл басында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен «Сот жүйесінің жеті түйіні» жобасы өмірге еніп, жеті басым бағдарлама межеленген болатын. Осы жобадағы үшінші түйін етіп белгіленген меже елдегі даулардың санын азайтып, жүктемені төмендетуге, сотқа дейінгі балама әдістердің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған.
Осы мақсатта аудан орталығынан татуласу орталығы ашылды. Келешекте болмашы даулар орталықта шешімін тауып, дауды балама жолмен шеше алмағандар ғана сотқа жүгінетін болады.
Сондай-ақ, Жоғарғы Сот елімізде отбасылық сот құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Пилоттық жобалар әзірленіп, зерттеу жұмыстары өткізілуде. Бұл соттың құрылуының басты себебі, жылдан жылға ажырасушылар санының көбеюі. Десе де, әлі отбасылық соттың дайын үлгісі қалыптасқан жоқ. Бұл мәселе әлі талқылану сатысында. Отбасылық сот күрделі тетік, өйткені, бүгінгі отбасылық құқық арнайы білім мен дағдыларды қажет етеді. Отбасы мүшелерімен жұмыс істейтіндіктен, бұл істі қарайтын судьялардың ерекше тәжірибесі болуы керек. Сонымен қатар, отбасылық дауларды қарау барысына психологтар, бітімге келтірушілер сынды мамандар тартылуы қажет.
Шетелде кәмелеттік жасқа толмағандар мен отбасына қатысты барлық мәселе отбасылық сот арқылы шешімін табады екен. Онда отбасы орталықтары құрылып, некенің бұзылар алдында тараптар бітімге шақырылып, лекциялар курсын тыңдайды, психологпен кездеседі. Жұбайлар ортақ нақты мәмілеге келмейінше, сот шешім шығармайды екен.
Отбасын құру – ойланып жасайтын қадам. Дана халқымыздың «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейтіні де сондықтан. Жастарды әдепті де саналы етіп
тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын жастардың санасына сіңіре білу басты міндетіміз болуы қажет деп санаймын.
Бекетаев Нұржан Нұрадинұлы,
Арал аудандық сотының
төрағасы міндетін атқарушы.
14 желтоқсан 2018 ж. 1 459 0