Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Банкроттық – шарасыз жағдайдағы адамға көмек

Банкроттық – шарасыз жағдайдағы адамға көмек

Жақында қарызға батып, қиындыққа тап болған қазақстандықтарға 1414-тен келген хабарлама үміт отын жандырғандай болды. Нақтысын айтсақ, хабарламада биыл ел азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру заңына қол қойылғандығы туралы жазылған. Осы заң аясында несиесін бірнеше жыл төлей алмай келе жатқан жандардың кредиті кешірілмек.
Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралып, Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халықтың шектен тыс кредит алуын азайту жұмыстары аясында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылданғанын мәлім етті.
Осы тұрғыда Премьер-министр Ә.Смайылов:«Бұл құжат кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заңда рәсімдердің үш түрі қарастырылған – соттан тыс бан¬кроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Мұн¬дай рәсімдерге қарыз алушының өзі ғана бастамашы бола алады», деген ол банкрот деп мойындау қарыздарды төлемей кету емес, тек шарасыз жағдайдағы көмек екенін әркім білуі керектігін атап айтты.
Мамандардың айтуынша, банкроттық туралы заң үш процедура түрін қарастырады. Яғни, соттан тыс банкроттық, сотты банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл процедураларға тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады. Осы заңның аясында халықаралық тәжірибені ескере отырып, бірқатар тиісті рәсім қарастырылған. Мәселен, соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Бұл орайда борыш 5,5 млн теңгеден аспауға тиіс. Екінші рәсім – сот банкроттығы, оның мақсаты банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, онда сот арқылы борышты бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігі көзделеді.
Банкроттықтың пайдасын ғана ойламай, салдары қандай екендігіне назар аударған дұрыс. Аталған құжатта 5 жылға несие алуды шектеу ескерілген және азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Сондай-ақ 3 жыл бойы несиесі кешірілген жанның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілмек. Бұл заң биылғы наурыз айынан бастап қолданысқа енеді деп күтілуде. Ескерте кетерлігі, бұл заңда ипотека не үлкен сомадағы қарызы бар компания, жеке кәсіп не ЖШС қарызы есептелмейді. Тек жеке тұлғалардың, яғни қарапайым азаматтардың қарызы қарастырылады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өткен жылдың қараша айында жариялаған деректеріне назар аударсақ, Қазақстанда жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банктерге берешегі 13,1 триллион теңгені құрап отыр екен. Осыншама соманың ішінде қарызын уақытылы өтеп жүргені мен өтей алмай жүргендері де бар. Солардың бірі – жолаушы тасымалымен айналысып, бала-шағасының нәпақасын тауып жүрген жандар да бар.
– Бәріміздің кез келген қиындықты шешуді кредит алудан бастайтынымыз рас. Баламыз үйленетінін айтқанда, тойды кредит алып өткізуді жөн көрдік. Басқадай мүмкіндік болмады. Сөйтіп бар туыс, ағайын, дос-жаранымызды шақырып, ұлан-асыр той жасадық. Алғашқы кездері кредитті уақытында төлеп отырдық. Жұбайым түрлі себептерге байланысты жұмыстан айырылып қалды. Ал мен болсам әртүрлі құрылыс жұмыстарын атқаратынмын. Ол жұмыстың да реті болмады. Сөйтіп жолаушы тасымалымен айналысуыма тура келді. Алайда одан тапқан қаражат тіршілікке аздық етті. Сол себепті тойға алған кредитті уақытында төлей алмай, пайызы жоғарылап кетті. Жуырда келген хабарламаны көріп, қуанып қалдық. Сәтін салса, заңда айтылғандай өтінішімізді жазып, қарызы кешірілетін борышкерлер қатарынан табылсақ жақсы болар еді, – дейді атын атамауды өтінген қала тұрғыны.
Бұл жөнінде маман экономист М.Серәлінің айтуынша, Қазақстан дамыған, дамушы елдердің қатарына қосылуы үшін осындай заңдарды енгізуі керек. Бірақ банкроттық – қарыздан құтылу емес. Оның салдары да бар. Сіз банкрот болғаннан кейін ипотекалық бағдарламаларға қатыса алмауыңыз мүмкін. Несие тарихыңыз нашарлап, екінші деңгейлі банктер арқылы алдағы уақытта несие алу қиындай түседі. Сондықтан банкроттыққа өтініш берер алдында ойлану керек. Оның салдарын түсіну керек. Ал комиссия да банкроттық бойынша түскен әр өтінішті қарар кезде азаматтың экономикалық-әлеуметтік жағдайын қарастыруы керек. Ол үшін екінші деңгейлі банктер не микроқаржы ұйымдарымен өтініш жазған адамға талдау жасау керек. Болмайтын аздаған сома үшін банкроттыққа өтініш беріп, артынша оның салдарын көріп отырмау қажет.
К. МАХСҰТ 
17 қаңтар 2023 ж. 313 0