Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Банкроттық туралы заң қалай іске асады?

Банкроттық туралы заң қалай іске асады?

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша қазақстандықтар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алатындығы туралы жария етті.
ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтің айтуынша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізу ұсынылып отыр. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ. Біріншіден, соттан тыс банкроттық рәсімі аясында 1600 АЕК-ке (шамамен 5 млн теңге) дейін қарызы бар адамдар қамтылады. Ол үшін бірнеше шарт ескерілуі керек. Осы орайда банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 1600 АЕК сомасынан аспауы тиіс.
Соттан тыс банкроттық рәсімдері «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы іске асырылады. Екінші рәсім аясында 4,9 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. «Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты боса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғызбаспанакепілболмаса, кредиторлар оны талапетеалмайды», – деді вице-министр.
Үшінші рәсім төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге қатысты. Онда тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылған. Сауықтыру жоспары қаржы бақарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.
Бүгінде көпшіліктің банк алдындағы берешегі, әсіресе тұтынушылық несие алушылар саны артып барады. Енді бұл заңның борышкерлер үшін қандай тиімділігі бар? Экономистер жеке азаматтардың несиесін кешіру Үкіметке де, ел экономикасына да тиімсіз екенін көптен бері айтып келеді. Өйткені ел-жұрттың 90 пайызының несиесі бар. Бұл 100 адамның 13-і несиесін төлей алмай жатыр дегенді білдіреді. Ресми дерекке көз салсақ, жалпы қарызын бірнеше айдан бері төлей алмағандар саны 1 миллионнан асады екен. Сарапшылардың айтуынша, қарызын өтей алмай жүрген қазақстандықтардың саны 2 миллион адамға жетеді. Демек, жағдай анағұрлым күрделі деген сөз.
Жалпы банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады. Өзін банкротпын деп таныған адамдарға қойылар бірнеше талаптар мен шектеулер бар. Біріншіден, жалпы банкроттықтың салдарынан 5 жылға несие алудан шектеледі. Екіншіден, 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Үшіншіден, 3 жыл бойы қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады. Сондай-ақ, алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектер есептен шығарылмайды.
Дей тұрғанмен, банкротпын деп өтініш жазғаннан несие кешіріле қоймайтыны белгілі. Заңның қарапайым адам түсіне бермейтін тұстары да бар екенін ескеріп, терең зерделеп барып мұндай қадамға барған жөн-ау.

К. МАХСҰТ
06 қаңтар 2023 ж. 567 0