Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биылғы ҰБТ-да қандай өзгерістер бар?

Биылғы ҰБТ-да қандай өзгерістер бар?

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 қаңтар мен 10 ақпанға дейін жалғасады. Облыста Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 қаңтардан басталды. Жалпы облыс бойынша тестілеуге 7 мыңнан астам оқушы, яғни 87,5 пайыз түлек қатысады. Ал ауданымызда ақылы негізде өткізілетін тестілеуге қатысуға қаңтар айына 580, ақпан айына 182 оқушы өтінім берген.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметі бойынша биыл қазақстандық оқушылар ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Осылайша, талапкерлерге білім беру гранттарын тағайындау конкурсына екі сертификаттың үздігін ұсынуға болады.
Егер ҰБТ-ны ақылы негізде тапсырудың тағы үш әрекетін ескеретін болсақ, онда 2023 жылғы талапкер тестілеуді бес рет тапсыра алады. Жалпы тестілеу форматына және пәндер санына да ешқандай өзгеріс енгізілмеді. Алайда «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: бір дұрыс жауапты таңдаумен 10 тапсырма және контекст негізінде 10 тапсырма. Сондай-ақ бұрын талапкерлер «оқу сауаттылығы» бойынша 20 сұраққа жауап берсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест тапсырмасы беріледі.
Осылайша, Қазақстан тарихы бойынша – 20, оқу сауаттылығы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15 және екі бейінді пән бойынша 35 тапсырма беріледі. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады.
Атап айта кетерлігі, 2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ бейіндік пәндер комбинацияларының тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. Қаңтардағы ҰБТ-дан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» бағдарламаларына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.
Сондай-ақ биыл шекті балдар өзгеріссіз қалады. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы қатаң сақталады. Компьютерлік экрандарда тестілеудің өзінде калькулятор, периодтық кесте және тұздардың ерігіштігі қолжетімді болады.
«Толқын» ақпарат

Фото: ​arasha.kz​​​
19 қаңтар 2023 ж. 332 0