Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мануалдық терапияның көмегі қандай?

Мануалдық терапияның көмегі қандай?

Бүгінгі күні дені сау адам – ең бай адам десек қателеспейміз. Денсаулық қай заманда да бірінші орында болғанымен, заман дамыған сайын ауру түрі де көбейіп жатқаны өтірік емес. Әсіресе, туа бітті балалар арасында тараған, уақыт өте келе пайда болған бұлшықет, омыртқа аурулары белең алуда. Оны емдеу жолы да көп. Солардың ішінде ең көп тарап жатырғаны – мануалдық терапияға тоқталсақ.Мануалдық терапия – медицинаның организмнің тірек-қимыл жүйесінің қалыптан тыс ауытқуын зерттейтін жаңа саласы. Оның басты мақсаты – тірек-қимыл жүйесінің ауруларын қолмен қалпына келтіру. Терапияда адам денесінде ауырсыну синдромдарын тудыратын бұлшықет, байланыс және буын жүйелеріндегі ауытқуларды биомеханикалық ауытқу ретінде қарастырады және емдеу барысында ішкі құрылыстың сырқатын да ескереді.
Терапияның әр түрлі жүйелері баяғыдан белгілі. Соның ішінде ең танымалы – остеопатия. Остеопатия – омыртқа жотасының ауруларына қолмен диагноз қойып емдеу. Негізі бұл емді 1874 жылы америкалық дәрігер Э.Стилл қалаған.Ол остеопатологиялық аурулар функционалды деп тауып, негізінен оны бұлшық ет пен байланыс жүйесінің ауытқуы деп санайды. Бәрімізге белгілі «остеохондроз» ауруын осы терапия арқылы емдеуге дәрігерлер де кеңес береді. Мануалды терапия бұрыннан қалыптасқан белгілі емдік шара. Дегенмен онымен айналысатын білікті мамандар қатары аз. Себебі терапия барысындағы кішкентай қателіктің өзі адамды мүгедек ете алады.
Омыртқа – адам денесін тік ұстап жүруші тірегі, ішкі ағзаларды сыртқы әсерлерден қорғайтын қалқаны десек те болады. Адам омыртқасына үнемі тік жүргендіктен көп салмақ түседі. Сондықтан көп қозғалу біз үшін өте маңызды. Үйімізде кішкентай бала жүгіріп ойнап жүрсе «жүгірме, тиіспе, тентек болма» деп ұрсатынымыз өтірік емес. Шын мәнінде ол дұрыс емес. Жаңа туған сәбилер әр 5 секунд сайын өседі екен. Сондықтан керілу, қозғалу, жүгіру сияқты әдеттер бізге туғаннан қажет. Қазіргі таңда физикалық қозғалыстағы жандар өте аз. Барлық жұмысты компьютер алдында отырып жасайтындықтан, максималды түрде тек қолдарымыз ғана қозғалады. Әрі отырысымыздың өзі бел, омыртқа жүйесінің ауруын туғызады. Омыртқа ауруы жұлынды қысады. Жұлын – адам ағзасының ең маңызды мүшесі. Одан барлық қан тамырлары мен жүйке жүйесі тарайды. Оның қысылғаны қанның тарауына кедергі келтіріп, адамның басынан бастап, аяғының ұшына дейінгі ауырсынулар пайда болады. Яғни, ішкі құрылыстың холестицит, панкреатит, простатит, жүрек және ішек аурулары асқынады.
Тек жұмыссыздықтан ғана емес, сонымен қатар қара жұмыс әсерінен, тез және қолапайсыз қимылдап қалғаннан, ауыр жүк көтергеннен, ұзақ уақыт тік отырғанда, жүргенде бастың салмағы мойын омыртқаға түсу әсерінен де ауырсынулар пайда болады. Адам омыртқасының арасында шеміршек пен сіңір болады. Жарақат алғанда шеміршек көбіне жарылып кетеді де, омыртқа арасындағы жүйке тамырлары мен қан тамылары қысылып қалады. Одан соң аяққа күш түсіп шыдатпай ауырады. Бөпелі болған жас аналардың да омыртқалары жайылып, қан тамырлары қысылады, шеміршек серпімділігін азайтады. Жас өсе келе соның барлығы қосылып ішкі ағзаларға өз кесірін тигізеді. Бел ауырады, адамды әлсіздік басады, тез шаршап, ұйқы бұзылуы да осының кесірі.
Асқынған ауруды емдеудің екі әдісі бар: бірі операция жасау болса, екіншісі мануалдық терапия жолы. Сондықтан барлық аурудың емі деп пышақтың астына түспес бұрын, мануалдық терапия көмегімен омыртқа арасын ашып, қан айналым жүйесін уақытында емдеген жақсы. Әрі терапияның көптеген жарақаттардан соң ағзаны қайта қалпына келтіру үшін де көп көмегі бар.
Сонымен қатар радикулит, сегізкөздің зақымдануы, арқаның құрысып қатты ауруы, омыртқа бойының қисаюы, бел омыртқа буынына тұз жиналу (остеохондроз) және бел, жамбас, аяққа нұқсан келген жандар үшін де мануалды терапия бірден-бір ем. Қазіргі таңда көп кездесетін омыртқа жігінің орнынан жылжуы да (грыжа дисков) терапия көмегімен емделеді.
«Тән ауырғанда, жан шыңғырады» демекші, аурудың қай түрі болмасын оңай емес. Дегенмен, сол денсаулықты алдын ала күту де өзіміздің қолымызда. Заман дамып, көптеген емдік шара түрлері пайда болғанымен, қазақы емге әлі күнге дейін ештеңе жетер емес. Біздің көмегіміз тек кеңес беру ғана, ал жан мен тән тазалығы өзіңізден. Бастысы осыны ұмытпайық.
Г. САҚТАПОВА 
17 ақпан 2023 ж. 197 0