Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз – архив құжаттарында

Наурыз – архив құжаттарында

Тіршілік атаулыны тірілтіп, табиғатты түлеткен, барша халықтың бауырластығына арқау болған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлау шығыс халықтарында ертеден тойланып келе жатқаны белгілі. Парсы халықтарынан бастау алып келе жатқан Наурыз мерекесі туралы қазақ халқы тарихында да түрлі аңыздар бар. Осыған қарағанда Наурыз мерекесінің қай жылы, қай ғасырдан бастау алғандығы туралы нақты дерек жок. Бірақ нақты дерек наурыздың 20-22-сі аралығында күн мен түннің теңескен уақытында болғандығы анық.
Наурыз – қазақ халқының ислам дінін қабылдаудан бұрынғы ұлттық мейрамы. Наурыз тойының мақсаты – халыққа молшылық, тоқшылық тілеу.
Біздің заманымыздың VІ-VІІ ғасырларында болған араб шапқыншылығы кезінде наурыз мейрамы тойланбай қалды. Арабтар наурызды діннің беделін арттыру үшін пайдалануға тырысты. Осылайша арабтар мерекеге ислам дінінің кейбір элементтерін енгізгенімен, бұл мереке халықтық мейрам болып қала берді.Мұндай жағдайлар кешегі Кеңес заманында да ұлттық мейрамды тойлауға түрлі кедергілер жасағаны белгілі.
1929-1931 жылдардағы әлемдік дағдарыс кезінде тойланбай қалып, 1989 жылдан бастап төл мерекеміз қайта тойлана бастады. Архив құжаттарында «Советская степь» газетінің 1927 жылғы 10 желтоқсандағы №283/390 санында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Еңбек халық комиссариаты мерекелерді тойлау туралы қаулы қабылдағаны туралы құжаттар сақталған.
Қаулыда қазақ халқының 1928 жылы тойланатын мерекелері мен атаулы күнгі демалыстар тізбесінде: Наурыз мерекесін 22 наурызда 1 күн,Рамазан айт – 1 күн,Құрбан айтты 2 күн тойлауға шешім шығарылған.
Кейіннен Кеңестік солақай саясаттың әсерінен 1929 жылдан бастап ұлттық мерекелерді алып тастау туралы қаулы күшіне еніп, 1989 жылдан бастап қайта тойланып, халқымыздың атаулы мерекесіне айнала бастады.
Қазақ халқы Наурыздың күнін «Ұлыстың Ұлы күні» деп жақсылық тілейді, ескі жылдағы өкпе-араздықты ұмытып, «Ұлысың оң болсын, бәле-жала жерге енсін, ақ мол болсын, ел тоқ болсын» десіп, жас-кәрісі бірін-бірі құттықтап, құшақтасып амандасады.
Құрметті оқырмандар, Сіздерді келе жатқан жаңа жыл – Наурыз мерекесімен құттықтаймын!Әз-Наурыз халқымызға құт береке, мол табыс әкелсін!
Раушан Исламханова,
жоғары санатты архивист
21 наурыз 2023 ж. 350 0