Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Алдау күні» қалай пайда болды?

«Алдау күні» қалай пайда болды?

Көп елдерде мемлекеттік немесе халықаралық дәреже алмаса да, жыл сайын тойланатын түрлі мерекелер бары сөзсіз. Солардың бірі – алдау күні. Бәріміз білетіндей, 1 сәуір күні халық арасында бір-біріне қалжыңдап, досының айтқан әзіліне әзілмен жауап қайтаратын жандар көп. Ол мейрамда ешкім ешкімге ренжімейді, ерекше аталып дастарқан жайылмайды және сыйлықтар да берілмейді. Дегенмен де бұл біздің атаулы күнді көңілді өткізуімізге кедергі емес. Ал осы мейрамның шығу тарихын білесіз бе? Оны қай елдер тойлайды? ХV ғасырдың аяғында христиан мен мұсылман әскерінің қақтығысы болды. Осы соғыс барысында христиан әскері Андалусия қаласындағы мұсылмандардың соңғы қамалын қоршап алады. Соғыс қыстың қақаған аязында болғандықтан ұзаққа созылады және мұсылман әскері де берілмей шайқасқан болатын. Сол сәтте христиан әскерінің басшысы өзінің оңайлықпен жеңіске жетпейтінін біліп, қулыққа көшеді. Ол 31 наурыз күні қамал алдына бір қолына қасиетті Құранды, екінші қолына Інжіл кітабын ұстап: «Егер осы түні мұсылман елі берілетін болса, оларға тиіспейміз» деп, ант береді. Оны естіген мұсылмандар да жиналыс жасап, ақылдасқан соң, өмірлерін сақтап қалу үшін қамалды босатып, берілуге шешім қабылдапты. Ертеңіне, яғни 1 сәуір күні христиан қолбасшысы барлық мұсылмандарды өлтіруге бұйрық береді. Оның уәдесін ескерткен жандарға: «Мен сендерге кеше түнде өлтірмеймін деп уәде бердім»,– деп жауап береді. Осылайша 1 сәуір христиан елдері үшін «қулық пен алдау күні» болып кетеді. Қазіргі таңда да оны тойлайтын елдер аз емес. Мысалы, Америка, Англия, Франция секілді шет елдерде – ақымақтар күні, Испанияда – дөкірлер, Үндістанда – тоқылдақ, Жапонияда– қуыршақтар және Шотландияда «тепкі күні» деп аталады. Бұл күні шотландтықтар бір-бірінің артына сездірмей «бүгін мені тепті» деп қағаз жабыстырып, оны сырттай күлкіге айналдырады. Ең қызығы, кейбір елдерде осы күні ұтыс ойынын ұйымдастырады. Соның бірі 2015 жылы Жаңа Зеландияда болды. Бәріміз білетін BMW автокөлігінің Окленд қаласындағы бөлімшесі газет беттеріне 1 сәуір күні газеттен қиылған купонды бірінші әкелген жанға су жаңа BMW автокөлігін сыйлайтыны туралы хабарлама шығарады. Халық әдеттегідей қалжың деп ойлап, сенбеген. Тек Тианне Марш атты тұрғын ғана өзінің бағын сынап көруге бел байлайды. Осылайша таңғы сағат 05:30-да көлік компаниясының алдына келеді. Компания бөлімшесі ашыла салысымен ондағы менеджерлерге өзінің купонын көрсетеді. Араға көп уақыт салмай-ақ менеджер су жаңа Nissan Avenir автокөлігінің кілтін ұстатқан екен және көлік нөмірін, жүргізуші куәлігін сыйлыққа берген. Қазіргі таңда көлік аукционда сатылып, түскен қаражат тумысынан аурудан зардап шегетін балаларға көмек ретінде қайырымдылық қорына аударылған. Мінекей, бәріміз білетін атаулы күннің осындай тарихы бар. Бірі білсе, бірі білмес, дегенмен тереңіне үңілсек қаралы күннің салмағы сезілетіні шындық. Г.САҚТАПОВА
01 сәуір 2023 ж. 434 0