Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана сүті – сәби амандығының кепілі

Ана сүті – сәби амандығының кепілі

Аналарға барынша қамқорлық танытып, оларды
әлеуметтік қолдау саясатын табысты жүзеге асыру
керек. Бұл ұлттық қауіпсіздіктің бөлінбес
бөлшегі саналатын демографиялық
саясаттың  басты бір басымдығы.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлемде шамамен 3 миллион нәресте 4 апталық мерзіміне жетпей шетінеп кететін көрінеді. Сол өлімдердің басым көпшілігі нәресте өмірінің алғашқы күндері орыналады. Ерте шетінеп кету және нәрестелердегі өрбуі ықтимал аурулардың алдын алуды ғылыми дәлелдерге негізделген қарапайым технологиялардың көмегімен айтарлықтай қысқартуға болады. Осылайша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының зерттеулері көрсеткендей, егер барлық балалар туыла сала тек ана сүтімен емізілсе, онда жыл сайын шамамен 1,5 миллион баланы ажалдан арашалауға мүмкіндік болар еді. Себебі, ана сүті балалардың тек қорекке мұқтаждығын өтеп қана қоймай, кең ауқымды қорғаныс қызметтерін және баланың дамуын, жетілуін басқаруды асқан ептілікпен реттеу қызметтерін де атқарады.
Осы орайда Арал аудандық ауруханасының перзентхана бөлімшесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ана сүтімен қоректендіру бойынша «балаға ізгі ниетті аурухана» бағдарламасына сәйкес екі рет сертификатталғанын мақтанышпен айта кеткен жөн.
Жалпы аналар бұл жайлы не білуі керек? Нәрестелерді ана сүтімен емізу қай кезде болса да барлық мәдениеттерге ортақ болып табылады. Өйткені адамзаттың тіршілік үшін күресуі осымен байланысты. Сондықтан ана сүтімен емізу баланың аман қалуын және кейінгі өмірінде денсаулығын қамтамасыз ететін әмбебап «табиғи императив». Нәрестенің өсіп-жетілуінің белгілі бір сатыларында қорекке мұқтаждық пен биологиялық реттеу құрылымы өзгеріске ұшырайды. Сәйкесінше, ана сүтінің құрамы да өзгереді. Бұл даму мен тамақтанудың қатаң түзетілген биологиялық механизмі ретінде қарастырылады.
Айталық, 6 айдан бастап нәрестелердің тамағына өзге азық қосылады. Тіпті осы уақыттың өзінде ана сүті нәресте үшін жұқпалы аурулар мен өзге де түрлі аурулардың алдын алатын қорғаныш болып қала береді. Сол себепті ол тек алғашқы айларда ғана емес, бала екі жасқа келгенше ең дұрыс қорек болады.
Ана сүтімен жеткілікті мерзімде қоректенген баланың кейінірек ақыл-ой дамуы, бала мен ана арасындағы психоэмоционалдық байланыстың туындауы, өскеннен кейін де баланың бауырмал болуына, анасына деген құрметтің артуына басты көмекші.
Емізудің пайдасы тек балалар үшін ғана емес, аналарға да пайдасы өте ерекше. Тіпті емізу анаға тән сымбатының қалпына, жоспарланбаған жаңа жүктіліктің алдын алуға омырау және аналық бездер обыры қаупін азайтуға, сәбиін үйлесімді қорекпен және дұрыс күтіммен қамтамасыз ете аламын деген сенімділікке, үнемділікке деген артықшылықтары өте жоғары.
Асыл дінімізде де адамның ақысы жайлы көптеген сабақ боларлық дүние бар. Ананың сүті де Жаратушымыздың сәбилерге берген ақысы, нығметі. Олай болса, әрбір ана нәрестелеріміздің ақысына адал болуды ойлап, ана сүтін қанып ему мүмкіндігінен айырмайық.
Айна Қожанова,
аудандық аға патронаждық мейіргері
08 сәуір 2023 ж. 273 0