Ана мен бала тағдыры: қауіптің алдын алу мүмкін бе?
Әрбір адам баласы өмірге келген соң ұрпақ әкелуге міндетті. Дегенмен бүгінгі күні дүниеге дені сау бала әкелу де оңайға соқпай тұрғаны белгілі. Денсаулық сақтау саласының мамандары бұл мәселенің себебін түсіндіруге тырысқанымен, нәрестесімен қауышуға санаулы уақыттар қалған сәтте өмірмен қош айтысып кететін ана мен бала өлімі жиілеп барады. Осы орайда бұқара көкейіне бұл қателіктің ақ халатты абзал жанның салғырттығынан ба, әлде баяғы кездегі «көрер жарығы жоқ екен» деген тәубешіл сөзге лақтыра саламыз ба деген сауалдар туары анық.
Бүгінде ана мен бала өмірі кезек күттірмейтін күрделі деген мәселелердің бірі болып отыр. Тіпті медицина саласында да атаулы мәселені азайту мақсатында түрлі жұмыстар жүргізілсе де, әзірге бұл түйіннің шешілер түрі жоқ. Көптеген ана ұзақ күткен шаранасының бойына біткеніне шын қуанып, енді ғана сәбиімді бауырыма басамын деген шағында, одан айырылып, қалың қайғы арасында қалып жатады.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, еліміз бала өлімі бойынша 79-шы, ал ана өлімі бойынша 42-ші орында екен. Биыл республикамызда 24 ана өлімі тіркелген.
Десе де, Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы келтірген деректерге сүйенсек, 2019 жылы 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда шетінеу көрсеткіші 8,40 болса, 2021 жылы 7,779. Ал 2020 жылғы нәрестелердің өлім-жітім индикаторының нысаналы мәні Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай 10,1-ді құрайды екен. «Аталған көрсеткіштерге әсер етудің маңызды аспектілерінің бірі – аналардың денсаулығын жақсарту, перинаталды және неонаталды көмекті жетілдіру, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделін, баланы емшек сүтімен емізуді қолдау» деген болатын вице-министр.
Бұл мәселе жөнінде Арал ауданаралық ауруханасы Бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Ағила Мектепбаева:
– Бүгінгі күні ана мен бала мәселесі біз үшін ең маңызды дүние болып табылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жалпы аудан бойынша халық саны – 73 451, оның ішінде ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер саны – 15041. Ал 1 жасқа дейінгі сәбилер саны – 1849. Сәби өлімі дегеніміз 1 жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеуі. ҚР ДСМ ұсынған басты индикаторы ол осы сәби өлімін болдырмау, алдын алу бағытында жұмыстарды күшейту күнделікті күн тәртібімізден түскен емес. 2021 жылы 6 айлық есеппен аудан бойынша 9 жағдай орын алып, сәби өлімі көрсеткіші 9,9 промилль болды. Ал 2022 жылдың 6 айында 8 сәби шетінеп, көрсеткіш 8,7 промилльге төмендеді. Сәби өлімінің әлі де орын алуының басты себептерінің бірі – сәбилердің перинатальдық кезеңдегі аурулары болып отыр. Яғни, оған мерзімінен ерте босанып қою, құрсақ ішілік нәресте гипоксиясы, асфиксиясы жатады. Мұндай аурулар түріне аталған 8 жағдайдың 7-еуі кіріп отыр. Перинатальдық кезеңде шетінеген нәрестелер көбіне мерзімінен ерте босанып,өмір сүруге қабілетсіз, яғни аз салмақпен туылған балалар, қайтымсыз процеске ұшырап, сәби өліміне әкеліп соқтыруда. Өзіміздің тараптан осы сәби өліміне әкелген себептерін талдау жұмыстарын жүргізгенімізде әйелдердің жүктілікке дейін ешқандай сауықтырылмай, интергенетикалық интервалды, яғни жыл сайын жүкті болу процестері орын алып жатады. Ол өз деңгейінде әйел ағзасының тез бұзылуына, гормональдық бұзылыстарға, созылмалы анемияға әкеліп, бұл бұзылыстар құрсақтағы ұрықтың гипоксиясы мен мерзімінен бұрын ерте босану жайттарына алып келеді. Сол себепті дүниеге дені сау ұрпақ келуі үшін ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің денсаулығы келесі жүкті болуға толық дайын болған кезде жүктілікті нақты жоспарлау қажет. Бұл орайда шешімді тек әйелдер қауымы емес, отбасы жағдайында әр әйел өз «қабырғасымен» ақылдасып, бірге шешім шығару қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар осы орайда барлық аудан жүкті әйелдеріне дәрігерлер мен мейіргерлердің ұсынатын ұсыныстарын бұлжытпай орындауға шақырамын. Себебі біз үшін, сіз үшін Сіздің уақытылы тапсырған сараптамаларыңыз, уақытылы УДЗ-ден өтуіңіз, көрсеткішіне қарай тар буынды мамандардан кеңес алуыңыз өте маңызды,– дейді.
Айтуынша, Арал ауданаралық аруханасы мамандарды үздіксіз республикалық білім беру орталықтарымен бірге білімдерін ұштастырып келеді.Теориялық және практикалық мақсатта семинар-тренингтер де өткізіліп тұрады. Мәселен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен акушер-гинеколог дәрігерлер, жалпы тәжірибелі дәрігерлер “эффективті перинаталды күтім” тақырыбында кең көлемде семинар-тренингтер өткізген. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру» орталығы басшысы Ғ.Р.Ағыбаевпен бірге реаниматолог дәрігерлеріміз реанимациялық шаралардың өткізілуі бойынша практикалық сабақтан өткізген.
Атаулы мәселе жөнінде қала тұрғыны А.Жәлиева:
– Мен қыс мезгілінде алғашқы нәрестемді дүниеге әкелген болатынмен. Жүктілік кезеңінде толықтай дәрігерлер қарауында болып, өз денсаулығымды күттім. Емхана дәрігерлері де түрлі кеңестерін айтып, уақытылы тексерілуден өткізіп тұрды. Сонымен күнім жақындай бере, ол кісілер мені толықтай бақылауға алды. Күнделікті жағдайымды сұрап, қан қысымымды өлшеп жүрді. Босанғаннан соң да назардан тыс қалдырмай, нәрестем екеумізге барлық жағдайды жасаған болатын. Мен ауданда осындай білікті мамандар барына қуанамын. Ендігі кезекте әрбір болашақ ана өз денсаулығына мұқият қарап, дәрігер қарауына уақытылы барып тұрғаны дұрыс,–деді.
Таяуда Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ана мен баланың денсаулығын сақтау мәселесіне арнайы тоқталған еді. «Басты міндеттердің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Өкінішке қарай, сәби өлімі көбейді. Ана өлімі де аз емес. Перинаталды қызметті тексеруге тапсырма бердім. Нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылдануы керек еді. Алайда барлық жұмыс аудит деңгейінен аса алмай, тоқтап қалды. Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Осы мәселені жүйелі түрде шешу керек», – деген болатын Президент.
Иә, бүгінгі мәселенің шешімі тек ақ халаттыларға ғана байланысты емес, сонымен бірге әр адамның өзіне де байланысты болып отыр. Денсаулық жағдайымызды күтіп, сала мамандары айтқан кеңесті орындап отырсақ, ана мен бала өлімі де азаяры анық. Сол үшін ертеңгі ел болашағы болар жас ұрпақты дүниеге әкелуде аса жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.
А. НҰРЛАНОВА