Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сіз неден қорқасыз?

Сіз неден қорқасыз?

Адам өмірінде өз еркінен тыс бағына бермейтін, нақты бір түсінігі жоқ қорқыныш болып жатады. Яғни, ол белгілі бір жағдайда туындайды. Мәселен, бала кездегі қорқынышы мен психологиялық тұрғыда кері әсер еткен жағдаяттар адам баласы үшін ес біле келе оның атаулы фобиясына айналары сөзсіз. Тіпті кей тұлғалар бойындағы қорқынышына ерік беріп, жүйке дертіне шалдығып жатады. Бірақ көп адам өз бойындағы фобиясын аңғармауы да мүмкін.
Бүгінгі күні қалың көпшілік фобия ұғымынан «қорқу» деген түсінік қалыптастырып алған. Бірақ қорқыныштың кез келген адам бойында болатын табиғи құбылыс ретінде қарасақ, фобияның не қажеті бар деп қаларсыз. Оның күйбең тіршіліктің қамымен жүретін адамзат өмірінің шырқын бұзуы мүмкін екенін ескергеніміз жөн.
Ал ендігі кезекте, фобия сөзінің шығу тарихымен таныс болайық. Фобия грек тілінде «қорқыныш» деген мағынаны білдіреді. Яғни, невроз ауруының адамды ығыр қылатын түрлерінің бірі. Ол белгілі бір заттан не құбылыстан адамның саналы түрде, бірақ негізсіз қорқуы болып табылады. Өз бойындағы қорқыныш сезімінің дәлелі жоқ екенін біле тұра, үрей алдында қарсы тұра алмау сезімі екен. Ересектерге қарағанда балаларда фобия жиі кездеседі. Мәселен, бүлдіршіндер кішкентай жануарлардан, өткір заттардан және судан корқып жатады. Сондай-ақ жасөспірімдерде белгілі бір әрекет түрінен қорқыныш пайда болады. Яғни, тақта алдында жауап беру және көпшілік алдына шығу сынды әрекеттер жатады. Тіпті бұл аурудың 10 мыңға жуық түрі белгілі болған.
Бүгінде әлем бойынша ең көп тараған фобия түрі – клаустрофобия. Яғни, адам тар жерлерде болудан қорқу. Мәселен, жабық бөлмелер, лифтке түсе алмау, душ кабиналары сынды жерлерден өзін жайсыз сезініп, мазасыздану белгілері жатады. Келесі ауру түрі – аэрофобия. Атаулы фобияда адам ұшаққа мініп, ұшудан қорқу. Шамамен 85 пайыз адам баласы авиацияны ең қауіпті көлік түріне жатқызады. Кейде адамдар ұшу алдында өзін жайсыз сезініп, ұшу алдындағы ұшақтың тұрақты қызметіне шағымданып, өздерін алаңдатып отырғандарын хабарлайды. Сонымен бірге клаустрофобияның бір симптомы ретінде жиі кездеседі. Акрибофобия – оқығанын түсінбей қалудан қорқу. Көп жағдайда шизофрения белгілеріне ұласып жатады. Ендігі фобия түрі – гидрозофобия. Бұл дертке шалдыққан науқастар терлеп немесе ауырып қалудан қорқады. Сондай-ақ бұл науқастар қояндар мен құстарға қызығады. Себебі бұл жануарлар терлемейтін құбылыстар. Дорофобия – сыйлық беруден не сыйлық алудан қорқу. Ғалымдар бұл ауру түрін бала кезде есте қалған жағдай әсерінен пайда болады деп жобалайды. Ендігі фобия түрі – кумпунофобия. Киім түймелерінен қорқу. 75 000  адамның 1 – еуі осы фобия түрімен ауырады. Нефофобия – аспан әлеміндегі бұлттан қорқу. Тіпті көп ұзамай басқа кейіпке ауысатын тұман немесе ауадан қорқу. Иә, табиғат құбылысынан үрейленіп жататын адамдар өте көп. Осындай фобияның тағы бір түрі – омброфобия. Бұл дерттің шырмауында жүрген науқастар жаңбырдан қорқады. Сонымен бірге бұл фобияның басты себебі – бала кезден қалған травма. Яғни, балаларға жаңбыр астына шығуға болмайды, ауырып қалатындарын айта беруден болып жатады. Сондай-ақ жәндіктер мен буынаяқтылардан қорқу – инсектофобия деп аталады. Бұл аурудың көп кездесетін түрі ара мен құмырсқалардан қорқу екен. 
Міне, көптеген фобия түрімен таныс болдық. Көбіне осындай ауру түріне шалдыққан адам психиатр мен психологқа жүгініп жатады. Психиатр науқасқа дәрі-дәрмек тағайындар болса, психолог емделушінің мінез-құлқы мен ой-санасын өзгерту үшін барын салары анық. Иә, не нәрсенің болмасын өз емі болады. Бұл аурудың да емі бар. Адамзат баласы өз бойындағы фобиямен күресуінің ең тиімді тәсілі – мінез-құлық терапиясы болып табылады. Бұл әдіспен танысып өтсек, алдымен науқастың нақты не нәрселерден қорқатынын анықтауы керек. Сонымен бірге бойындағы қорқыныштың неден пайда болғанын да білу маңызды. Кейін анықталған фобия түрі бойынша жұмыс жүргізіп, бойындағы қорқынышын жеңу мақсатында психологиялық көмек жүргізеді.
А. СӘКЕНҚЫЗЫ
05 сәуір 2022 ж. 1 142 0