TikTok-тың пайдасы бар ма?

Осыдан 2-3 жыл бұрын жастарымыз “Instagram” желісін алдыңғы қатарға қойып, тіркелушілер саны күн санап артқан еді. Ал, қазір аз уақытта көпке танылған “TikTok” әлеуметтік желісі бала санасын тез арада баурап алғандай. Бірінен соң бірі үзілмей шыға беретін түсініксіз бейнебаяндар қалың көпшілік көңілінен шығып жатады. Бүкіл әлем назарын өзіне қаратқан бұл қандай бағдарлама? Оның балаға пайдасы бар ма?
«TikTok»-ты алғаш қытайлықтар ойлап тапқан екен. Бұл Қытай елінде “Douyin” деген атпен танымал. Қызығы сол 15-тен 60 секундқа дейінгі музыкалық бейнебаяндар түсіріп, оны өзге адамдармен бөлісуге болады. Сонымен бірге хат алмасып, тікелей эфирге де шығуға қолжетімді. 2018 жылдың жаз айында іске қосылған бұл әлеуметтік желіге аз уақыт ішінде, әлемнің 150 елінен 663 миллионнан астам адам тіркелген. Әсіресе, жасөспірімдер арасында кең қолданысқа ие. Желідегі түрлі бейнебаяндарға лайк басып, пікір жазуға және басқа да қолданушыларға жазылуға болады.
Таяқтың екі ұшы бар. Осы бір етек жайған «ТикТок» әлеуметтік желісі бала психикасының төмендеуіне әкеліп соқтырары әбден мүмкін.. Желі ішіндегі түрлі адамдардың бейнебаяндарын көрген бала, оны қайталағысы келіп, бұрыс жағына қабылдайды. Яғни, бір жағынан адамға жақсы көңіл-күй сыйлайтын «ТикТок» желісінде түрлі хайптың ізіне түсіп кеткен жас буынға өте қауіпті.
“Еліміздің келешегі – жастар қолында”. Сол жастарымызға дұрыс жағынан тәрбие беріп, қай әлеуметтік желіні қай мақсатта пайдалану қажет екенін түсіндіріп жүргеніміз жөн. Абай Құнанбайұы отыз сегізінші қара сөзінде: «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша»- демекші, балаға білім үйретуге асығайық. Білімді жастар елімізді әлемдік деңгейде алдыңғы қатардан көрсетері сөзсіз. “TikTok” арқылы емес.
Айсауле Нұрланова