Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Qazna Online Library» платформасы мектеп кітапханаларында

«Qazna Online Library» платформасы мектеп кітапханаларында

Мемлекет басшысы цифрландырудың маңызын: "Цифрландыру – Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсаты емес, құралы. Бәсекеге қабілетті болу, өсімді өнім өндіруді арттыру, міне, осы мақсат", – деп түсіндірді. Демек цифрландырудың маңыздылығы қоғамның барлық саласына да қажет-ақ.
2021 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: "Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру" дегендей, халықтың рухани қазынасы кітапханалардың жұмысы да цифрландыру бағыты бойынша жаңаша өзгерістерге көше бастады. Бүгінде мектеп кітапхана қорындағы кітаптарды «Qazna Online Library» сандық технологияға көшіп жатыр. Себебі электронды нұсқадағы кітапты оқу қолжетімділікті арттырады. Мектеп кітапханаларында электронды кітапхана 2021 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс жасап келеді. Күллі әлем сандық технологияға мойын бұрып, кез келген саланы қолжетімді ету үшін электронды нұсқаға ауыстырып жатқанда кітапханалардың бұл бастамасы да көңіл қуантарлық жұмыс.
Жалпы, электронды кітапханадан оқырман өзіне қажетті дүниені тез табады. Ол үшін бұрынғыдай аяқтан тозып кітапханаларды аралаудың қажеті жоқ. Бар болғаны – интернеттің болуы. Осы арқылы оқырмандар талғамына сай кез келген бағыттағы кітапты оқи алады. Сонымен қатар электронды кітапханадан кітаптардың, анықтамалықтардың, журналдар мен сөздіктердің электронды нұсқасын тегін жүктеп алуға болады. Бұл – заман талабының бір бағыты.
Электронды кітаптың ыңғайлы түрінің бірі – «мобильді кітапхана». Бұл қосымшаны смартфонға жүктеп алуға қолайлы. Заманауи технологиялар дамып, адам өміріне сандық технология дендеп енген бүгінгі күні дәстүрлі кітаптардың орнын электронды нұсқасы басатыны анық. Дегенмен, бұл кітаптар мүлдем жоғалып кетеді деген сөз емес. Ғасырлар бойы атадан мұраға қалған асыл қазына ешқашан өз қасиетін жоймайтыны хақ. Дегенмен компьютер мен ұялы байланысты тиімді пайдалануды көздейтін жастарды кітап оқуға бағыттауға әбден болады. Сонда әлеуметтік желілерге телмірмей, электронды кітап оқу арқылы рухани байытып, таным-түсінігі мен зерде-зейінін арттыруға жол ашады.
Б. СРАШОВА,
№231 орта мектептің кітапханашысы
09 қазан 2021 ж. 2 515 0