Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздік оқырман бенефисі

Үздік оқырман бенефисі

Кітапхана - оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда. Бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші, білімнің кәусар бұлағы – кітап екені белгілі. Кітап дегеніміз – алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Осындай рухани орданың аудандағы қарашаңырағы "Абай" кітапханасында кітапты сүйе білу, кітапты қадірлеу, баулу және жылдың ең үздік оқырманын анықтау мақсатында «Ұлы мәртебелі оқырман» атты оқырмандар бенефисі өткізілді.

Шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Бекбол Мамбетов, № 2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернат директоры Гүлжанат Есенбаева, мектеп мұғалімдері мен оқушылар, барлық кітапханалардың тұрақты оқырмандары мен кітапханашылар қатысты.
Шара барысында қалалық кітапханалардың ең үздік деген оқырмандары қатысып, өмір жолдары, олардың кітапханаға тіркелгеннен бастап осы кезге дейін оқыған кітаптары, ең сүйікті шығармалары, кітап оқуға көзқарастары туралы кеңінен әңгімелеп, өзара пікір алысты. Аудандық мәдениет үйінің және жыраулар үйінің қызметкерлері кештің көркін ән-жырмен көркемдеп, кітапхана қызметкерлері түрлі логикалық сұрақтар мен ойындар ұйымдастырып қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Оқырман бенефисін қорытындылаған орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Алишева бірнеше жылдан бері № 3 кітапхананың тұрақты оқырманы, ең көп кітап оқыған зейнеткер Амангелді Махамбетовты «Ұлы мәртебелі оқырман» номинациясымен, Орталық кітапхананың оқырманы Дархан Аманжолов, Гүлнұр Шалманова, №1 кітапхананың оқырманы Шаттық Серікова, №4 кітапхана оқырманы Зарухан Бағыбергенова, орталық балалар кітапханасының оқырманы Аяулым Базарбаева, қалалық балалар кітапханасының оқырманы А.Қыздарбекованы «Ең үздік оқырман» номинациясымен марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Шара соңында кеш қонақтары үздік оқырмандардың оқыған кітаптарынан жасақталған кітап көрмелері, көрме инсталяциялары және көркемделген оқырман формулярымен танысты.
Г. Кулмашова
Аудандық орталық кітапхана әдіскері
25 қаңтар 2020 ж. 3 730 0