Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалім мәртебесі – мемлекет мерейі

Мұғалім мәртебесі – мемлекет мерейі

Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы – ұстаз. Әлемдік деңгейде – педагог, өз ұстанымызда ұстаз ұғымының сипаты, мән-мағынасы қашанда айқын: ол – мазмұны бірыңғай ізгіліктен ғана тұратын кәсіп, ол – ұрпақ пен ұлтқа, адамзат пен болашаққа арналған өмір сүру салты. Тіпті дүниенің асылын іздеп тауып, соны өзгеге үйретпекке ұмтылған жан қалауы. Біздің педагогтар бала жанының бағбаны болумен қатар, қоғам өмірінің қалыптасуына да үлес қосып келеді.
Ұстаз мәртебесі – астары тереңде жатқан қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анықтайтын өлшем. Педагог тұғыры – қоғам мен мемлекет тұғыры. Қай мемлекет ұстаздарына қатысты қандай саясат ұстанса, мемлекеттің беделі де соған сай қалыптасады. Сондықтан еліміздегі мұғалім беделін арттыра түскен заң жобасының қабылдануы ұстаздар мерейін өсіре түсті. "Алты алаштың басы біріксе, төрдегі орын – ұстаздікі" деген халқымызда мұғалімді қадірлеуге байланысты тамаша дәстүр бар.
Әрине білім саласының өзіндік, кәсіби тұрғыда қиындықтары бар. Шын ұстаз шәкірттерінің алдында ешқашан да жалған, жасанды, жүйесіз әрекетке бармайды. Жалпы, әділдік пен тазалықтың бастауы – мектеп. Осы тетік ұмытылмаса, қоғам қай жағынан да көштен қалмайды.
Басты тетік – ұстазда. Үнемі ізденісте жүрген, шеберлігін үнемі шыңдайтын, мәдениеті, адамгершілігі, бар бітім-болмысы жоғары азамат – шәкірттің ғана ұстазы емес, қоғамның ұстазы. Отанымызда ұстаз абыройы артқан сайын, білім мен ғылымның, тәрбие мен мәдениеттің абыройы артатыны сөзсіз.
Дана бабаларымыз балаға білімнен бұрын тәрбие берілуі керек екенін мұнан мың жыл бұрын айтып кеткен. Отбасы тәлімі мен елдік тәрбие – білім жүйесінің әрі өзегі, әрі айнасы. Қазақстанның отаншыл ұл-қызын оқытудың мақсаты мен мазмұны жылдан-жылға айқындалып келеді. Атап айтсақ, мақсат – бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру, ал білімнің мазмұны – елдік тәлім-тәрбие мен адамзат ақыл-ойының інжу-маржаны деп білеміз.
Биылғы республикалық тамыз конференциясында ел Президенті Қ.К.Тоқаев қабылдануы жоспарланған «Педагог мәртебесі туралы» Заңда ұстаздарды қолдаудың кешенді шаралары қарастырылғанын, соның ішінде мұғалім жүктемесін азайту, абыройы мен беделін көтеру, материалдық жағдайын жақсарту белгіленгенін қадап айтты.
Міне, Мемлекет басшысының бастамасымен мұғалімдердің қоғамдағы рөлі айшықтала түсті. Жалақы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Бізге мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалуда. Біз мұның бәрін – жанашырлық пен жауапкершілік деп ұқтық. Осылайша барлық салада, бастамада халықтың береке-бірлігі арта бергей.
Ж. ҚОНАРОВА,
№14 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
28 наурыз 2021 ж. 2 303 0