Мақсаты айқын мұғалім

Мемлекет басшысы «Жаңа ғасыр, жаңа заман талабына сай ұстаздар да үнемі даму үстінде болуы керек» дегенді баса айтқан еді. Расында, жаңғыру - тамыр, талғамнан, салт-санадан ажырау емес, жаңа технологияны меңгердік деп, бас-көзсіз өткенді ұмыту да емес, екі жақты болуы керек. Осы тұрғыдан келгенде, мұғалім, оның ішінде жас мамандар – жаңашыл, білімді, педагогикалық өзгерістерге бейім, жан-жақты деп айтуға тұрарлық.
Бұл ретте Жарасқан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақытбек Өтемұратовты тілге тиек етсек болады. Жас маман өзінің талпынысымен мектеп мерейін асырып жүрген жандардың бірі. Бақытбектің жыл бойы жеткен жетістіктері көп. Республикалық, аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарды еншілеп жүр. Сондай-ақ республикалық «Өрлеу», «Жас Отан», «Жастар 2020» ұйымдарының қолдауымен кеудесіне төсбелгі тағып, мақтау қағаздарымен марапатталды.
Біздің қоғам, біздің ел талапты, білімді, жігерлі жастарға мейлінше қолдау көрсетуде. Әрбір жас осы мүмкіндікті жіберіп алмай, қабілет-қарымы мен қажырлы еңбегін ел мүддесі үшін жұмсай білсе, шығар биігі де жоғары болмақ.
Н.БАҚЫРАН