Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүмкіндіктер жылы болды

Мүмкіндіктер жылы болды

«Ұстаздық» деген ұлы мамандық қай заманда, қай қоғамда болмасын абырой-беделге ие. Осы бір қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық иелеріне артылған жауапкершілік жоғары екені сөзсіз. Менің ойымша, аспан асты, жер үсті мамандық иелерінің ішіндегі ең бір күрделісі де, қуаттысы аталған мұғалімдік екеніне дау жоқ шығар! Себебі болашақтың батырын да, ақынын да, басшысы мен қосшысын да ұстаз тәрбиелейді. Сондықтан ұстаздықтан артық ұлы нәрсе бұл дүниеде жоқ деп өз басым анық айта аламын.
Ұрпақ жолында бойындағы барша күш-қуатын сарп ететін болмысы бөлек, ерекше жаратылыс иелерінің өмірдегі алар орны жоғары болған. Білгеніңді басқаға үйретіп, өзің сүйген ісіңді жасағанға не жетер дейсіз? Менің ұғымымда, жаңғыру – тамыр-талғамнан, салт-санадан ажырау емес, жаңа технологияны меңгердік деп, бас-көзсіз өткенді ұмыту да емес, екі жақты болу. Осы тұрғыдан келгенде мұғалімге, оның ішінде жас мамандарға артылар жүктің салмағы ауыр болмақ. Қазіргі жас мамандарды «жаңашыл, білімді, педагогикалық өзгерістерге бейім, жанжақты» деп айтуға тұрарлық. Жас мамандар өткеннің қалдығын емес, өзінше ой толғайтын, болашақтың таң нұрын бағыштайтын айтулы жандар. Қазіргі жаңа бағдарлама, жаңа жүйе, жаңа технология заманында кез келген саланың көшін бастап, осы жолда еңбек етіп келе жатқан жастар аз емес. Мемлекет тегін оқытқан соң, саналы түрде оның қайтарымын ойлап, өзіне де, басқаға да пайдасын тигізген жас мамандардың көзге түсіп жүргендері көңіл қуантады. Сол жастардың қатарында өзім де бар екенімді мақтанышпен айтқым келеді. Жас маман атануда бос әрекет емес, өз-өзін үлкен жетістікте көру және де уақытты дұрыс әрі қолайлы қолдану. Адамзат баласы алдына мақсат қою арқылы өз дегеніне жетеді. Әркімнің өз көздеген мақсаты болады, оған жетемін дегенше жолында қаншама кедергілер кездеседі. Ал сол кедергілерді жеңу барысында мақсатына жету оңай қалыптасады. Жарты жолда тастап, оны қалдыратын болсаң сіздің әлсіздік танытқаныңыздың белгісі. Еліміздің жастар жылы саясатына өзіндік үлесі мен өскелең ұрпаққа білім беру, мәдени көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруда белсенділік танытқан жас маманның өтіп бара жатқан көне жылға қалдырған қолтаңбасы айрықша болмақ. Бұл жылда жастардың азаматтық белсенділігін, шығармашылық әлеуетін арттыруға қосқан үлесім мен еңбегім елеусіз қалмады. Мәртебелі мамандықты игерген, рухани сапалылықты, болашақты тәрбиелеудегі еңбегімнің қайтарымы ретінде «Жас Отан», «Алматы өрлеу», «Жастар 2019» ұйым - дарының қолдауымен «Өрлеу» төсбелгісімен және Алғыс хат - пен марапатталдым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік.
Б.Өтемұратов,
№62 мектеп-лицейдің мұғалімі
01 қаңтар 2020 ж. 638 0