Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қатал қоғамның емі қандай?

Қатал қоғамның емі қандай?

...Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады...
Мөңке бидің болашаққа жасаған болжамы бүгінде бәрінің аузында жүр. Себебі қазіргі қоғамның болмысы – осы. Боямасыз бет-бейнесін анық басқан жырдағы жағдайға бүгінде куә болып отырмыз. Алдау, арбау, одан қалды қатыгездік. Расында, қоғам сонша қатыгезденіп барады. Бұрын қандай едік? Неге осыншама күйге түстік?
Қайырымсыздық азайған тұста, адам баласының бір-біріне деген аяныш сезімі де мүлде жоғалғандай. Ақпарат құралдары бетін жаулаған оқыс оқиға көпті күңірентті. Мәселен, жақында ғана бар қазақтың жағасын ұстатқан, Алматыда орын алған бойжеткеннің өлімі шынымен асқан жауыздық көрінісі. Одан қалды, тастанды балалар мен қарттар үйіндегі қариялардың әңгімесі бір бөлек. Тіпті қарапайым ғана жығылғанға демеу болудан қалып бара жатқандаймыз. Оған кім кінәлі? Көпшіліктің пікірі қандай? Сол жайында пікір сұраған болатынбыз.
Кәсіби медиатор Бұйрабай Бердалиев:
– Қызмет бабында түрлі жағдайларға кездесеміз. Тіпті қарапайым ғана жағдайлардың өзін үлкен дауға ұластырып, соның шешімін таба алмай келіп жатады. Бірақ ең ауыр тиетіні – отбасылық жағдайдың дауы. Жұбайлар арасындағы, ата-ана мен балалар арасындағы шулы мәселелерді көргенде, қоғамның қазіргі өзгерісіне, адам санасының бұзылғанына қынжыламыз. Мұның барлығы тәрбиенің таяздығынан, екі тараптың да жауапсыздығынан болады. Қазақта мынадай бір терең мағыналы сөз бар. "Екі адамның бірі ақылға салса, соңы өкінішке ұласпайды" дейді. Алдымызға келген адамды, тараптарды татуластыруға тырысамыз. Ата-ана мен бала, ерлі-зайыптылар, өзге де ымыраға келе алмағандардың артында қаншама адам бар. Бала жетім, ата-ана қараусыз қалғаны қоғам үшін зиянды. Ертеңгі күні олардың да тәрбиесі ұлттың болашағына ұласады ғой, – дейді.
Ұзақ жылдан бері газетіміздің жанашыры, тұрақты оқырман ағамыз Қасымхан Төлебаев:
– Қоғамның бейнесі – адамның бейнесі. Қоғамды қалыптастыратын адамның өзі екендігін білгендіктен солай ойлаймын. Сондықтан алдымен адам өзін тәрбиелеу керек. Бала күнімізде Әбдімәлік дейтін атамыз болды. Намаз оқитын. Таң атқаннан жанындағы көршілердің есігін қағады да, есікті ашқасын бұрылып кете барады. Бұл әрекетін түсінбейтін едік. Бірде өзінен сұрадық. Сонда ол «әй, балаларым-ай, атар таңды көре алмай қалған адамдар аз ба? Түнде иіс тиіп қалмады ма екен, аман ба екен деп алаңдағаным ғой» дейтін. Амандығына көзі жеткен соң, бұрылып кетеді екен. Бұл да бір үлкендік іс екенін сонда білдік. Ал әкеміз көшеден сынық темір тауып, үйге алып келсек, алған жерімізге апарып тастатын. Міне, осындай тәрбиемен өстік. Үлкенді сыйлауды, адалдықты, біреудің ала жібін аттамауды үйрендік. Аралда көп жыл тұрдық. Бірақ кейін анам Қызылордаға көшейік деді. Бауырларымның көбі осында болғандықтан солай ойлаған екен. Қимай тұрсам да, анамның сөзінен аттап өте алмадым. Бұл да сол бала күнгі тәрбиенің жемісі.
Менің айтқым келгені, міне, осы. Балаға тәрбиені қалай берсең, кейін өзіңе де солай қарайды. Қариялар қарттар үйінің терезесінен телмірмеймін десе, осыған мән беру керек. Қаталдық, аяусыздық деген дүниелер сонда ғана қазақтан алыстайды.
Бірақ мен болашақтың баянды боларына сенемін. Өзім көрген тәрбиені өзгеге де айтып жүремін. Көріп жүремін. Осыдан шамалы уақыт бұрын анасын «мама», әкесін «папа» дейтін ұрпақ өсті. Қазір шүкіршілік етемін. «Әкешім, анашым» деп сөз бастайтын балалар өте көп. Бұл – тәрбиенің басы. Өскенде солардан бақыт сеземіз әлі, – деп аяқтады сөзін.
Ал Жақсықылыш кенті мешітінің имамы Мәжит Әбіштегі:
– «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді қазақта. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Уақыт көрсетіп отыр ғой. Заман дамыған сайын адамның тәрбие құралы да өзгерді. Түрлі сұмдық дүниелерді күнде көзбен көріп, құлақпен естіп отырғасын, адамның ойы да өзгереді. Мен бұл сөзіммен қазіргі заманауи заттарды қолданбайық демеймін. Қолданған, тілін білген де дұрыс. Соны үйрену арқылы елді дамытамыз. Бірақ жоғарыда айтқандай, Құдайдан қорқу керек. Сонда ғана оның ішінен ақ пен қараны ажыратып алуға өзіміз-ақ ұмтыламыз.
Асыл дінімізде адамға ең бірінші керек нәрсе – иман. «Иманды адам – арлы адам, имансыз адам – сорлы адам» деген сөздің шығуы да содан. Ойды дұрыстау керек. Барынша сабырмен ойланып, игілікке ұмтылсақ, Алла тағала бізге жақсылықты, бақытты күнді нәсіп етеді. Тек бүгінгі ғұмырымызды ғана емес, мәңгілік өмірде де көркем мінезіміз таразыға түскен сәтте берекесін береді. Дін мен ғылымды жетік меңгерген ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабиден «адамға бірінші білім керек пе, тәрбие керек пе?» дегенде «тәрбие керек» деп жауап берген екен. Абай атамыздың да ақылды, қайратты, барлығын жүрекке бағындыру керек дегенін ұмытпау керек. Сонда ғана адам түзеледі. Адам жөнделсе, қоғам да түзеледі. Барша қазаққа бақытты өмірді нәсіп етсін, – деді.
Түйін:
Расында, тәрбиенің тамыры терең болса, оның тұрақтылығы да ұзақ болады. Қоғамды түзеймін десек, өзімізді түзеуден бастау керек. Ұлттығымыздың ұясын сақтауды шаңырағымыздан бастасақ игі іс болар еді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
30 наурыз 2021 ж. 715 0