Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нағыз дос қандай болу керек?

Нағыз дос қандай болу керек?

«Дос – ажарың, жолдас – базарың» дейтін қазақта жақсы сөз бар. Дос – кез келген адам баласының қасынан табылатын, қиындықта да, қуанышта да бірге болатын жан жолдас, сенімді серік. Дегенмен бүгінде «дос деп жүргенім дұшпан болып шықты» деген секілді сөздерді жиі естиіміз. Бір сөзбен айтқан кезде сатқындық жасау. Дос сатып кетпеу үшін, досың саған адал болу үшін қандай әрекет жасау керек, нағыз дос деген қандай болу керек? Дос – сырласың Қандай жағдай болмасын нағыз достың ең бірінші міндеті сырласың болу керек. Себебі сыр адам баласының ішінде жатқан қуанышқа да қайғыға да толы сәттері. Ал оны кез келген адаммен бөлісе беруге болмайды. Санаулы адамдардың өзімен бөліспеген дұрыс. Өйткені оның сақталып қалатынына сенімді емессіз. Ал нағыз достың ерекшелігі сізбен сырласып қана қоймай, соны түсіну керек және ішінде сақтай білу абзал. Сырды сақтау өте қиын нәрсе. «Өзіңнің ішіңе сыймаған сыр біреудің ішіне сия ма» дейтін де сөз бар. Егер сіздің ішіңізге сыймаған дүниені өз ішіне сақтай алған адам – нағыз досыңыз. Дос – серігің Өмірлік серігің сүйіп қосылған жарың болғанымен, жарыңды кездестіргенге дейінгі нақы серігіңіз досыңыз екенін ұмытпаңыз. Тәулік бойы қасыңыздан табылмаса да, керек кезде жаныңыздан табылатын адам – досыңыз. Серік деген сөздің өзі «дос» сөзіне синоним. Бірақ дәлме-дәл өзі емес. Өйткені серік жолда немесе уақытша кездесуі мүмкін. Ал дос ғұмырлық және сенімді серік болу керек. Әңгімесі сізді сергітіп, ойыңызды жинақтауға көмектессе, серігіңіз болса ол нағыз дос. Дос – қорғаушың Достың дос үшін жанын беретін түрлі аңыздар мен әңгімелер қазақ және әлем әдебиетінде толып жатыр. Олардың мақсаты достың қандай болу керектігін насихаттау. Сол секілді дос сенің қорғаушың болу керек. Үш түрлі достың ішіндегі ең маңыздысы да осы: «бір дос бар кеудесінен жан шыққанша»... Ажалдан құтқаруға басын бәйгеге тікпеген күннің өзінде сізге деген адалдығы ретінде кез келген жерде сіздің сөзді сөйлеуге ұмтылу керек. Сіздікі дұрыс болмаған күннің өзінде екі жақты мәмілеге кірісіп шешім жасау керек. Бұл нағыз достың белгісі. Дос – өзің «Дос» деген сөзді түсіну үшін өзіңізді тауып алыңыз. Себебі дос деген ең бірінші өзге емес, өзіңіз. Себебі сіз лайық болмай, достың лайық болатынына сенімділік жоқ. Адалдық сізден де, достан да аңқып тұру керек. Сол кезде барып сіз дос таба аласыз және дос сізді табады. Нағыз дос сағындырады, іздеуге тура келетін жағдайға апарады. Себебі сіз сенген серіктің қасиеті мен жақсылығы, адалдығы сізді бей-жай қалдырмауы керек. Ал сатқындық пен жасандылық көрініп тұрған адамға көңіліңіз тартпасы анық. Досына қарап адамды тануға болатыны ақиқат дүние. Нағыз досты серік ету деген сөз, өзіңнің өміріңді оған сеніп тапсыру.


11 мамыр 2019 ж. 3 252 0