Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қариялар қайда кешегі?

Қариялар қайда кешегі?

Қазыналы қарттарымызды береке мен бірліктің жарасым тапқан көрінісі ретінде білеміз. Езін жөнге, тентегін тезге салатын, көненің салты мен ғұрпын жеткізуші де – асыл қарттарымыз. Қарттарын қара нардай қастерлейтін қазақтың осы бір қасиетін ақын Мұқағали Мақатаев өзінің өлең жолдарында ерекше әспеттейді. Ендеше таланты оттай маздаған Мұқағали атамыздың «Мен қарапайым қарттарды сүйем» атты сыршыл өлеңін осы мақаламыздың өзекті мәселесі  ретінде кіргізейік. Сіз бұл өлең жолдарын естіп көрсеңіз, жарайсыз! Ал егер оқып көрмеген болсаңыз, ғажап. Себебі, бұл өлеңді оқып отырып, тебіренбеу мүмкін емес. Тіпті тақырыбының өзіне көз салсаңыз, онда бір терең сырдың қайнары жатса керек.  Мұқағали қаламы хақында:Мен қарапайым қарттарды сүйем,
He деген керім еді!
He біледі осы жұрт, не біледі?! – деп бастау алған өлең жолдары сұрағына жауап беріп көрелік. Шынтуайтына келгенде, біз қариялар жайлы не білеміз?
Қазіргі заманды техниканың заманы, ақпараттың алаңы, өркениеттің  өркендеуі деп жатамыз. Күн өтіп, жыл жылжыған сайын білімдіміз, мықтымыз деп көкіректі керсек те, қорғансыз қалған шағында қарттарымызды қарттар үйіне алып барып тоғыта саламыз. Гауһар тасқа бергісіз қазына қарияларымызды ақша мен мансаптың жолында айырбастап кетіп жатқан, иненің жасуындай жүрегінде мейірімі аз жандарды қоғамда осы күні көп көріп жүрміз. Осылай жалғаса берсе, шынымен де қарттар жайлы білеріміз азаяры анық.
Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар,
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар? – деген ақын иісі аңқыған жүрекжарды жыр жолында ой қозғар мәселе қаншама?! Қоғам деп кінә артқанмен де, қазір адам сол қоғамға сай өзгерем деп жылжуда. Қазіргі әже мен ата дегеніміз бұрынғылардай ақыл нұры мен таптырмас тәрбиесін жас буынға  бере ала ма?
Бауыржан Момышұлының үш қорқынышының екіншісі, яғни: «...Немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын» деуі қазіргіні болжағандай. Көненің қарттары ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған.  Ал қазіргі әжелеріміз бесік жырдан бастау алған тәрбиені шетелдің у-шу әніне алмастырып, ертегінің қадір-қасиетін жоғалтып тастауда. Негізі, әже тәрбиелеген бала елден ерек өсіп, орнымен сөйлеп, сөзді тауып, нық айтуды үйреніп, сөз қадірін білер еді. Ал атаның ақылынан, өнегелі әңгімелерінен, тарихтан сыр шерткен сырларынан тойып өскен немере – ерте жастан-ақ бабалар жүрген жолды біліп өсер еді. Ата-әже тәрбиесін көрген немерелерден қазақтың сүт бетіндегі қаймағындай болып, тарихта есімі қалған ұлылар қатарын арттырары анық.
Қанеки, нелерің бар, Аталарым?
Ұрпағыңа ұран қып апарамын, – деген екі ауыз жол негізгі ой өзегіндегіні  қозғайды.
Қарттар бізді тастайды-ау, күйінемін,
Ой, өмір-ай, неғылған қиын едің!? – деп қиналған ақынның жас жүрегінен қазіргі кей әжелерді көрсем кірерге тесік таба алмай қаламын. Мен әже деп елестеткен ардақты әже қандай? Бүгінгі әжелердің көпшілігі немересін жұмыспен алмастырып, ұлттық ән-күйді батыстың әуенімен шатастырған, басындағы (кимешегін айтпасақ та) орамалынан айырылған, опа-далабымен шөберенің шалбарына ортақтасқан, заман тіліндегі «современный әжелер». Көшеде немере жетектеген әже көрсең қуансаң да, әңгімесіне құлақ түрсең көңіл құлазиды. Себебі бәрімізге аян өзге тілділік, яғни немеремен орысша сөйлесіп бара жатқаны. Ал мұндай әже ұрпағын ұлттық тәрбиемен сусындатып, көнені насихаттайды  дегенге кім сенеді?
Сондықтан да садақ боп иілемін,
Сауыт болам, тек қана киіне біл... деп ақтаған жыр жолдары қандай әсерлі десеңізші?! Садақ болып қарт тәрбиесінің алдында иіліп, сауыт болып сырттарыңнан қорғай білем деуі қазіргі жастарға үлгі болуы хақ. Себебі қазіргі қарттар үйіндегі қарияларымыздың санының көбеюі біздің қазақилығымызға дақ түсіреді. Өмір сыйлап, осы күнге қаншама термен жеткізген қарияларымызды, енді адам қылдым-ау дегенде өзге адам қолына ысырып, өткізіп тастай салатындай, біз қазақ сонша жүрексізбіз бе? Сол қарттарымыздың қалауы – ұлтарақтай көрпеде тұрса да, тек былдырлаған немеренің қызығын көруді жанымен аңсайтыны бәрімізге аян екенін біле тұра, біз, жастар, қарттарға қатыгездік көрсетпейікші. Әр қазақ қариясынан безінетін болса, келешегіміздің көгі анық болмасын біл. Бұлыңғыр болашақты қолдан жасамайықшы, жігерлі жастар!
Нұрай ӘМІРХАНОВА,
Арал қаласы
18 тамыз 2020 ж. 1 626 0