Шерхан Қалмұрзаға ректорлық білім беру гранты берілді

Кездесу барысында министр бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталып, сондай-ақ жоғары білімнің болашақ ұрпақты қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың дамуына айрықша мән береді. Президент өз сөзінде: «Балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе», – деген еді. Осы бағытта біз де жастарды жан-жақты қолдап, олардың әлеуетін ашуға және еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға жағдай жасап келеміз. Сондай-ақ барлық спортшылар халықаралық стандарттарға сай сапалы білім алуы қажет екенін атап өткім келеді. Бұл оларға спорттағы жоғары жетістіктерге ғана емес, сонымен қатар спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де түрлі салаларда қалыптасуға мүмкіндік береді. Жас қақпашының көрсеткен тарихи нәтижесі – бүкіл қазақстандық жастар үшін жарқын үлгі. Оны осы жетістігімен құттықтаймын және алдағы ойындарда сәттілік тілеймін!», – деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ бүгінде талантты жастардың жаңа буынын қалыптастыруға берік негіз қаланғаны атап өтілді. Жастарға үлгі көрсету мақсатында ақылы бөлімде білім алып жүрген Шерхан Қалмұрзаға ректордың білім беру гранты табысталды. Сонымен қатар алдағы уақытта да дарынды жастарға айрықша көңіл бөлінетіні жеткізілді.
Қазақ спорт және туризм академиясының спорт және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мұхтар Есқалиев оқу орны жасөспірімдер мен студенттердің бастамаларын әрдайым қолдайтынын айтты. Өз кезегінде студент-спортшы көрсетілген ілтипат үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстандағы футболдың дамуына үлес қосуға ниетті екенін жеткізді.
Фото: turkystan.kz