Студенттер шәкіртақысы артады
Үкімет отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ЖОО студенттеріне арналған стипендияның жаңа мөлшерін жариялады. Министрдің айтуынша, елімізде стипендия көлемі 4 жылда екі есе көбейтілмек. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес гранттар саны 2020 жылғы 65 мыңнан 2022 жылы 88 мыңға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ оқушыларға стипендия мөлшері де артып келеді. Мәселен, бакалавриат студенттеріне – 36 мың теңге, докторанттарға – 150 мың теңге қарастырылған. Мұнан бөлек 2025 жылға дейін студенттердің стипендиясы тағы 2 есеге, магистранттар мен докторанттарға – 1,5 есеге артады», – деді Саясат Нұрбек.
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі мен халықаралық беделін арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Жоғары білімге қатысты негізгі бағыттары – Халықаралық аккредиттеуден өткен жаһандық білім беру бағдарламаларын іске асыруға қол жеткізіледі, шетелдік әріптестермен академиялық алмасулар кеңейтіледі. 2025 жылға қарай шетелдік жетекші бес ЖОО-ның филиалы жұмыс істейді, – деді Министр.
"Толқын" ақпарат