Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұқағалидің 100-ге жуық өлеңін жатқа біледі

Мұқағалидің 100-ге жуық өлеңін жатқа біледі

15 жастағы Валерия Лизько «Қобыланды батыр» жырын толық және Мұқағали Мақатаевтың 100-ге жуық өлеңін жатқа айтады, деп хабарлайды inform.kz
Валерия Лизько жақында республикалық «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының қалалық кезеңінде үшінші орын алды.
Сондай-ақ, ол бұдан бұрын Мұқағали Мақатаев оқуларында екінші орынға ие болған.
«Мен «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы» жайлы естігенде оған қатысуға шешім қабылдадым, Ұстазыммен ақылдаса келе «Қобыланды батыр» жырын жаттауға ниет жасадым. Жазғы демалысты тиімді пайдалана білдім. Үш ай да зулап өте шықты. Маған жетекшім мен отбасым үлкен қолау білдірді. Бұл маған қанат бітірді. Жырдағы 132 беттің барлығын жаттап алдым. Қызылорда қалалық байқауына облыс орталығындағы 54 мектептен қаншама оқушы келіп қатысты. Нәтижесінде үшінші орын алдым», - деді Валерия.

Валерия Лизько 2004 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2008 жылы отбасымен Қызылордаға көшіп келді. Ол №253 орта мектеп табалдырығын аттады. Қазақ сыныбында оқитын Валерия озат оқушылар қатарында саналады.
Валерия Лизько бүгінде «Қобыланды батыр» түгелдей жаттап алды. Сондай-ақ, Мұқағали Мақатаевтың 100-ге жуық өлеңін жатқа біледі. «Сыр өңірінде жергілікті ұлт өкілдері басым тұрады. Бала күнімнен қазақ балаларымен біге өстім. Көршілерімнің барлығы - қазақтар. Мен қазақ тілін еркін үйренуіме өзімнің ортам ерекше көмектесті. Мені ешкім тіл біл деп қинаған жоқ. Өзімнің ықыласым болды. Қазіргі таңда отбасында анам да, апайым да қазақша жақсы біледі», - дед ол.
Валерия Лизько болашақта журналист болуды армандайды.
03 қараша 2019 ж. 1 037 0