Тұлпар мініп, ту алған!

Жыр жаттаудан Ауданымыз да қалыс қалмады. Бүгінде байқауға қатысуға аудандағы 44 мектептен 400-ден аса оқушы ынта танытып отыр. Бұл оқушыларға 220 мұғалім жетекшілік етеді. Осыншама бала өз тарихымен сусындаса, онда ұлттық құндылақтарымызды ұлықтағанымыз деп білеміз. Айта кету керек, байқауға облыс бойынша ең көп қатысушы Ауданымыздан тіркеліп отыр.
Сексеуіл кенті №231 орта мектептің 6 сынып оқушысы Нұрбол Құдабаев байқауға қатысуға өзі ниет білдірген екен.
– Жыр жаттауда қиындықтар кездескенін жасырмаймын. Көмбедей көнерген сөздерден мол қазынаға кенелгендей күйге түстім. Жоғалғаныммен қауышып, өткеннен мол өнеге алдым. Әсіресе, ерекше әсерде қалдырғаны жылқыға деген көзқарас білдірген тұстар болды. Жыл басында бастау алған байқау туралы ұстазым Тұрсын Байбосынова апайымнан естідім. Бірден қызығушылығымды оятты. Барлығына батырлар жырын оқуды ұсынар едім – дейді ол қуана.
– Кез келген оқушы – талантты. Жыр жаттау кезінде төменгі сыныпқа қиындықтар кездесіп жатыр. Алайда, өздерінің талпынысымен, алға қойған мақсаттарына жетеріне сенімді. «Қобыланды батыр» жырын жатқа оқудан байқауға дайындалып жатқан кентіміздегі оқушылардың әрбірі – дарынды да талапты жастар. Бүгінгі таңда байқауға әрбір оқушыны жеке дайындап, жеке қарым-қабілеттеріне қарай бағыт-бағдар берудеміз, – дейді ұстазы Т.Байбосынова.
Ал, Қаратерең ауылдық округінен байқауға қатысушы №82 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Ақжүніс Жеткергенова.
– Жырды жаттауға кеңес берген ұстазым Гүлсім Алмамбетоваға. «Қобыланды батыр» жырын бастап оқығаннан-ақ мені бірден баурап алды. Ондағы батырлық оқиғалар жігеріңді жанып, Қобыланды атамыздың ерлігі еріксіз өзіне баурайды. Жырдың әр жолын оқыған сайын «Батырлық – білекте емес, жүректе» деген қазақ халқының мақалының мағынасын тереңірек түсіндім. Жырды жаттау арқылы қазақтың кең байтақ жер-су атауларын кеңінен білдім. Өзіме қажетті мәліметтерге қанықтым. Алға мақсат қойдым. Алла қаласа, белгіленген мәреден көш бастап шыққым келеді – дейді Ақжүніс Жеткергенова.
Күздің алғашқы айында өтетін байқауға қатысушылар қызу дайындалып жатыр. Күніне екі-үш беттен жаттауды мұғалімдері байқау жайлы естіген күннен бастап қолға алған. Ақжүніс бұған дейін түрлі олимпиядаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. "Сәтін салса алдағы уақытта да үмітімізді ақтайды деп сенеміз", – дейді жыр жаттауға жетекшілік етіп жүрген мұғалімі Г.Алмамбетова.
Ұстаз үшін ұрпақ тәрбиесі қашан да маңызды. Елдің ертеңі, келешегі бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жыр жаттау арқылы қазақы дәстүр, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, бай мұраларды насихаттайды. "Қобыланды батыр" жырын жаттауға кіріскен оқушыларымыз байқауды қызығушылықпен қабылдап жатыр. Оларға тек сәттілік тілейміз.
Ақтоты Шынықұл