Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық 440 оқушы "Қобыланды батыр" жырын жаттауда

Аралдық 440 оқушы "Қобыланды батыр" жырын жаттауда

Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тарихты түлетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары өткенімізді қайта түлетуге мол мүмкіндік берді. Бүгінде көмулі қалған көп дүние жанданып, жаңа жобалар жүзеге асуда. Осындай бабадан қалған мол мұраны жастардың бойына сіңіруді көздейтін көлемді шара жақында «Qazaq Epos» республикалық қоғамдық қорының бастамасымен қолға алынды. Аталған бірлестік «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын ұйымдастыру арқылы "Қобыланды батыр" жырын кейінгі буынның санасына сіңдірмек.
М.ҚҰРМАНӘЛІ.
Апта басында «Qazaq Epos» республикалық қоғамдық қорының облыстағы өкілі Дәурен Омаров байқау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында ауданға келді. Өкіл аудан мұғалімдерімен сөйлесіп, қойылған сұрақтарға жауап берді.  Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында өткізілмек. Қатысушылар алдымен аудандық кезеңде іріктеліп, одан кейін облыстық деңгейде бақ сынайды. Жеңімпаздардың жүлде қоры да қомақты. Байқау ережесі бойынша сынақ 3 кезеңнен құралып, сүрінбегендер үздіктер қатарына қосылады. Бүгінде ауданда байқауға қатысушылардың тізімі жасалып, мұғалімдер қазірден белсенділік танытып отыр.
Енді байқау не береді деген сауалға келсек. Халықтық поэзияға ден қойға ұрпақтың елдік, ерлік рухы оянады. Бір батырлар жырын жаттаған бала өміріне сарқылмас азық алады.
– 132 беттен, 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап берген оқушының жан сарайы жақсы нәрсемен толығады. Бүгіннен бастап батырлар жырымен буыны қатайған бала ертең мемлекеттің іргесін бекітетін тұлғаға айналар еді, – деді байқаудың облыстағы ұйымдастырушы Дәурен Сейтжанұлы ұстаздармен кездесуінде.
Шынында да байқау арқылы қаншама оқушы ұлттық мұрамызға қанығады. Қараңыз бүгінде байқауға қатысуға республика бойынша 5621 мектептен 52 мыңға жуық оқушы, 23 мыңнан астам мұғалім тіркеліпті. Сондай-ақ, облыс бойынша 2800-ден аса қатысушы тіркелсе, оның ішінде Арал ауданы бойынша 44 мектептен 220 мұғалім, яғни 441 оқушы ынта танытып отыр. Осыншама бала өз тарихымен сусындаса, онда ұлттық құндалақтарымызды ұлықтағанымыз деп білеміз. Айта кету керек Арал облыс бойынша ең қатысушысы көп аудан болып отыр. "Бұл да біздің жыр қонған мекен екенімізді білдіреді" дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Нәзігүл Молжігітова.
– Ұстаз үшін ұрпақ тәрбиесі қашан да маңызды. Елдің ертеңі бүгінгі мұғалімдер тәрбиелеген балалардың қолында. Осы жолда аудан ұстаздары аянбай тер төгіп келе жатыр. Ұстаздар ұрпаққа ұлағат болатын осындай байқауларға қолдауын аямайды. Қазірдің өзінен жыр жаттауға кіріскен оқушыларымыз байқауды қызығушылықпен қабылдап жатыр, – дейді.
Байқаудың аудандық кезеңі үш айдан соң өтеді. Жобаның облыстық кезеңін жергілікті телеарнадан тікелей эфир арқылы көрсету жоспарланып отыр. Мұндай қолдаудан мотивация алған оқушылар енді жазғы демалысты тек тынығып өткізбей, ұлттық құндылыққа қанығып өткізеді. Ал бұл байқаудың ең үлкен олжасы деп білеміз.
12 маусым 2019 ж. 1 218 0