Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аудандық кезең үздіктері анықталды

Аудандық кезең үздіктері анықталды

  Тұңғыш президент, елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлт жоспары: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атта мақаласында жүктелген негізгі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Тұлпар мініп ту алған» атты республикалық ағарту жобасының аудандық кезеңі болды. Бұл додада Арал ауданынан Қобыланды батыр жырын жаттаған 400-ге жуық оқушы бақ сынады. Аталмыш жыр 132 беттен, яғни 5206 жолдан тұратын Марабай жырау нұсқасы болып табылады.
  Балалар арасында кітап оқуды және қазақ халқының батырлық эпостарын насихатау, ұрпақтың санасына халқымыздан қалған игі дәстүрлерді сіңіру, балалардың қазақ поэзиясына мен рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке баулу, дарынды баланы анықтау оған қолдау көрсету мақсатында өткен сайыста балалар өздері жаттаған жырдан үзінді оқыды. Арнайы әділ қазы құрамы бекітіліп, оқушылардың жырды жатқа айту ерекшелігіне мән берді.
  Сайысқа қатысушылардың бірі қаладағы №220 мектептің оқушысы Әділхан Ахметов. Ол Қобыланды батыр жырын толығымен жаттап алған.
  – Мен сайыстың болатындығын қаңтар айында естідім. Содан бастап дайындалып келемін. Жырды бас аяғы 5 айда толық жаттап алдым. Менің бұл жырды тез әрі жылдам жаттап алуыма жетекшім Тазабике Еңсепова апайымның еңбегі зор болды. Ол өзінің бар бос уақытын менің дайындық жұмысыма арнады. Жырды тез жаттап алу үшін алдымен жақсылап оқып шықтым. Осылай мазмұнын түсініп алдым. Ондағы әрбір кейіпкердің мінез-құлқымен таныстым. Содан соң жыр жаттау маған қиын болған жоқ, – дейді Әділхан.
  Ал, Сексеулі кентіндегі № 77 орта мектептің 9 сынып оқушысы Сәнім Төреханова бақ сынады. Ол бар жоғы 2 айда жырдың 100 бетін жаттап алған. Жырдың ішінде бір-біріне ұқсас сюжеттер көптеп кездеседі. Жаттау барысында алғашқыда қиындықтар туғанын жасырмады. Әйтсе де артынша оңай жаттап алғандығын айтты.
  Тәуелсіздік тұғырын бекемдеген тұстағы ұлы мұратымыз – елдің тұтастығын келер заманға қарап жалғастыру, азаттық жолында басын бәйгеге тіккен батыр бабаларымыздың қаһармандық күрес жолдарын бүгінгі өскелер ұрпақтың санасына сіңіріп, тарихи эпостарымызды бүтіндей жеткізу болмақ. Бұл ретте ұйымдастырылған жыр додасында аралдық оқушылар барынша қабілеттерін танытуға тырсыты. Нәтижесінде №67 орта мектептің оқушысы Шынар Қолғанатова (жетекшісі Зейлімхан Серікбаева) бірінші орынды, №220 орта мектептің оқушысы Әділхан Ахметов (жетекшісі Тазабике Еңсепова) екінші орынды, №57 орта мектептің оқушысы Айғаным Қоңырбаева (жетекшісі Мейрамкүл Нұрбаева) үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға облыстық кезеңге арнайы диплом мен қаржылай сыйақы табысталды.
Н. Марат
14 қыркүйек 2019 ж. 969 0