Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заң жобасы: қоғамның көзқарасы қандай?

Заң жобасы: қоғамның көзқарасы қандай?

Қазақ қоғамы үшін «отбасынан» биік тұратын ұғым жоқ. Болмауы тиіс және болмайды да. Заманадан жалғасқан қазақылық ғұрпымызда біз бұл жағдайды анық байқаймыз. Расында, Отанды сүюді отбасынан бастаған, шаңырақтан үйреткен ұлтымыз үшін ертеңгі елдің ертеңі болар бүгінгі жас ұрпақты қалай тәрбиелегенін де аңғаруға болады.Жалпы ұрпақ тәрбиелеуді, ұлт тәрбиелеуді қазақ халқы қай уақытта да алдыңғы қатарға қоя білген. Соған байланысты оқыған, естіген адам тәлім аларлықтай ғибрат қалдыра білген. Бірге бір жас жігіт отбасы ішінде қалай бақыт пен тыныштық орнатуға болатынын іздейді. Адамдар оған «Әлдебір ауылда бір көпті көрген ақсақал мен оның зайыбы бар. Білсе, солар біледі бақытты тұрмыстың сырын. Өйткені олардың ұрысқанын, бір-біріне дауыс көтергенін әлі ешкім көрген емес» дейді. Жас жігіт әлгі айтылған үйге барып, амандасып, хал-жағдай сұрасқаннан кейін, үй иесіне келген себебін айтады. Қарт кісі дастарқан басына қонақты жайғастырып, кемпірі дастарқанға бір қауын әкеледі. Қарт кісі қауынға бір қарайды да, кемпіріне: «Бұл қауын піспегенге ұқсайды, ауыстырып әкелесің бе?» дейді. Әйелі «жарайды» деп қауынды кері әкетіп, тағы бір қауын әкеледі. Күйеуі «Бұл да болмады, тағы басқасын көрші» дейді. Әйелі жарайды деп, тағы алып кетеді. Осы кезде қария келген қонаққа: «Әйелім таңдай алмаса керек, кеттік бірге барып таңдап келейік» деп екеуі бірге ас үйге кіреді. Ас үйге кіргенінде бір ғана қауын тұрғанын көреді. Қарт кісі қонаққа қарап: «Отбасы бақытының сырын түсіндің бе?» деп сұрайды. Жас жігіт «түсінбедім» деп жауаптайды. «Балам, үйде бір ғана қауын бар еді. Мен білетінмін біреу ғана екенін, менің білетінімді әйелім де біледі. Мен қауынды алып кетіп басқасын әкел дегенімде, жарайды деп әкетіп, дәл соны қайта әкелді. "Ей, шал, сен алжығанбысың, үйде бір ғана қауын бар, не айтып тұрсың"демеді. Мен бір нәрсе айтқанымда әйелім қарсы шықпайды, дереу айтқанымды орындайды. Ол да бір нәрсе айтқанында, мен де оның көңілін қалдырмаймын. Сол себепті ұрыс-керіс те болмайды. Отбасы бақытының сыры осы» дейді.
Міне, осындай өсиетке татырлық бір ауыз әңгімемен айналасындағыларды тәрбиелей алған ұлт өз баласының тәрбиесі үшін де міндетті екенін естен шығармайды.
Бірақ отбасында түсініспеушілік пен өзара пікірлердің қайшылығы орын алатыны жасырын емес. Бұл бүгінгі күннің ғана мәселесі емес. Осыған дейін де қазақ қоғамында ұшырасып келген жағдай. Десе де әр таластың астарында әкенің тәлімі, ананың ақылы көрініс тауып жатқан. Тентегін тезге салатын да, бұзығының жазасын беретін де – ата-ана. Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановтың «Әке үкімі» өлеңін оқыған әрбір жан ұрпағы үшін әке мен ананың орны қаншалықты екенін жазбай аңғарған болар.
Міне, өткен күннен бізге осындай өсиеттер жетті. Ал қазіргі қоғамда бұл жағдайдың барлығын реттейтін арнайы заңдар бар. Мәселен, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жүйесінде қоғамдағы қайшылықтың, отбасындағы жағдайдың оң шешімін табуға қол жеткізе аламыз. Себебі заң үстемдік еткен жерде оған мұйынсұнып, соның шеңберінен шықпай жұмыс істелсе, елдің болашағына да алаңдауға болмайды. Әр азамат бұған анық сенеді.
Бірақ елдігімізді сақтап, өткеніміз бен келешігімізді байланыстыратын көпір тұрғызу – бүгінгі азаматтардың әрбірінің міндеті. «Тарихты білмей, өткенді, келешекті болжау мүмкін емес» деген ұлы ұстаз Әль-Фарабидің сөзі осыған сыяды. Өз өткенін, дәстүрі мен ғұрпын білмеген адамнан келешекте өз Отанын шексіз сүйетін, Отан игілігі үшін қызмет етуге әзір саналы ұрпақ шығады деу қиын. Мәселен, араб елдерінде қабылданған заң салт-дәстүрінің аясынан асып кетпейді. Ал сол заңды бұзушылар қандай жаза тағылса да әділ деп санайды. Себебі салтын жоймау, оны бүгінгі күннің талабымен ұштастыру болашаққа жасалған нық қадам деп біледі.
Сондықтан дәл қазіргі уақытта елімізде түрлі пікір қалыптастырып, даулы мәселеге айналған «Отбасылық зорлық-зомбылық туралы» Заңға енгізуге ұсынылған өзгерістер жобасы жайлы мамандар мен тұрғындар не дейтінін сұрастырып көрдік.
Қайырхан Қабылғазиев, Арал аудандық орталық мешіттің бас имамы:
– Қазақтың тәрбиесі қашан да отбасынан басталады. Және ол дәстүрімізге, асыл дінімізге тікелей байланысты. Барлығымыз әкенің қабағына қарап, сөзін тыңдап өстік. Бұл – біздің аталарымыздан бері сақталып келе жатқан тәрбие қағидасы. Бүгінгі буын да осы жолдан тайған емес. Бұл қалыптасқан мектеп – үлкен тәрбиенің бағыты. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса,
он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген тәмсіл де бекер айтылмаса керек.
Ал қыз баланың тәрбиесі асқан жауапкершілікті талап ететінін ертеден жете түсінген халқымыз «қызға қырық үйден тыйым» дейді. Бұл қаталдық па? Жоқ, бұл – ұрпақтың, ұлттың анасына айналар қыз баланы жақсы өмірге бейімдеу. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететінін жастайынан санасына сіңіру. Абыройлы болуға үйрету. Мынаны естен шығармасақ абзал. Қазақтың «қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» деген сөзінде де үлкен мағына жатыр. Ата-ананың балаға айтқан ақылы, оларға танытқан қаттылығы отбасылық зорлық-зомбылық әрекетінің көрінісі емес, тәрбиенің көрінісі. Сондықтан біз қандай заң қабылданса да, ұлттығымызға, қазақылығымызға, дінімізге, дәстүрімізге қайшы келмесе екен дейміз.
Байтақ Сүлейменов, адвокат, отставкадағы полиция полковнигі:
– Отбасы – үлкен тәрбие ошағы. Барлығымыз ұл-қыз өсіріп отырмыз. Солардың аман болғанын тілейміз. Қай ата-ана өз баласының жаман болғанын тілейді дейсіз. Жалпы, маман ретінде айтарым, қызмет бабында алдыма келген жандардың арасында отбасылық жағдайға байланысты кеңес сұрайтындар, қызметіме жүгінетіндер кездесіп жатады. Ол жайын жасырмаймын. Бірақ солардың арасында отбасылық зорлық-зомбылық әрекетімен келетіндер, әсіресе бала мен ата-анасы арасындағы кикілжіңмен келетіндер жоқ. Көбісі «Неке және отбасы туралы кодекс» сауалдары төңірегінде жүгінеді.
Жасырмаймын, кейде татулығы жараспаған отбасылар тарапынан балаға таласып, адвокаттың көмегіне мұқтаж болып келетіндер бар. Әдетте бала есейгеннен кейін таңдауды өзі жасайды. Біз екі тараптың арызына байланысты заң аясында ғана қызмет көрсетеміз.
Ғафура Қосбармақова, ата-ана:
– Балаға қай кезден де ата-анасынан артық тәрбиеші жоқ. Жақсылығы әке-шешесінің мақтаны, жамандығы да сол жандардан сұралады. Бұл сонау ерте кезден қалыптасқан отбасылық қағида, тәрбие мектебінің көрінісі. Отбасы да сонысымен құнды қазақ халқы үшін. Әкенің қабағына, ананың ақылына қарап өскен бала ешқашан жаман болмайды. Рас, біздің пікіріміз баламыздың ойымен үнемі бір жерден шыға бермейді. Себебі жастың аты жас. Қызбалықпен, аңғалдықпен ағат баса ма деп қорқамыз. Кей жағдайда тұрмыстық жағдайға байланысты оның қалағанын да алып бере алмай жататын отбасылар барын көз көріп жүр. Бұл – балаға қаталдық, отбасылық зорлық-зомбылық деп ойламаймын. Бірақ әр ана, әр әке өз баласын бесік жырымен әлдилеген сәттен салтқа, дәстүрге, дінімізге сүйене отырып тәрбиелейтінін ұмытпауымыз керек. «Ата-ана» деген қадірлі ұғымды ауыстыруға мүлде болмайды.
Түйін:
Міне, қоғамның көзқарасы осындай. Заңға қарсы шығу ешқайсысының ойында жоқ. Керісінше, қоғамдағы әрбір әрекет заң аясында жүзеге асқанын қалайды және қабылданған заңдар дәстүрімізден айырмаса деген тілекте. Жаңа сайланған депутаттық құрамнан күтетіні де көңілге қонымды заң.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
23 қаңтар 2021 ж. 457 0