Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Президенттің ата-анасының үйі деп ешкім ойламайды»: Қазақстандық қыз Зеленскийдің ата-анасының үйінде қонақ болды

«Президенттің ата-анасының үйі деп ешкім ойламайды»: Қазақстандық қыз Зеленскийдің ата-анасының үйінде қонақ болды

Қазақстандық журналист Аида Хаметжанова Украина президенті Владимир Зеленскийдің ата-анасының Кривой Рогтағы үйінде қонақ болып қайтты. Ол өзінің алған әсерімен бөлісті.

«Украинадағы президент сайлауына дейін және одан кейін Зеленскийдің өзінен де сұхбат алғанмын. Зелен­ский­дің қазақтарға деген көз­қа­расы өте жақсы, «біздің қазақтармен ортақ дүниеміз көп» дегенді айтқан. КВН-да қазақтармен бірге көп сайыс­қа түскен ол біздің ел туралы жақсы біледі», - дейді Аида Хаметжанова.
Хаметжанованың сөзінше, Зеленскийдің ата-анасының үйіне бару туралы шешімді өзі қабылдаған. Тіпті, ол алдын-ала хабарласып, ескертпеген екен. Оның себебін былай түсіндіреді:
«Бәрі аяқ астынан болғанын қаладым. Себебі украин жур­налистері бірнеше рет хабарласып, сұхбат ала алмаған жағдайлар болған. Мен сол үйге кірген тұңғыш журналист шығармын деп ойлаймын». 
Журналистің айтуынша, Украина басшысының ата-анасы өзін жылы қарсы алған. Мен сол үйге кірген тұңғыш журналист шығармын деп ойлаймын, дейді ол.
«Ол кісілер есіктерін тарс жауып, телефонды көтермей қойса да болар еді, бірақ «сен алыстан келіп отырсың, жолаушыларға жоқ деп айта алмаймыз» деп мені жылы қабылдады. Алғашқы қойған «Қалай президент тәрбиелеу­ге болады?» деген сауалыма олар: «Біз президент емес, адам тәрбиеледік», – деп жауап берді. Отасқандарына 42 жыл болса да, бір-бірінің қо­лынан ұстап, бір-біріне өте жылы қарайды екен. Осыдан соң «психикасы дұрыс, өмірге құштар бала тәрбиелеудің ең бір қарапайым жолы – отбасыдағы махаббат» деп тү­сіндім. Әке-шеше бір-біріне дауыс көтермейтін, барлық мәселені үнемі қалжыңмен шешіп отыратын, өмірге көзқарастары дұрыс отбасыда тәрбиеленген баланың психикасы да орнықты болады деген ойды мен журналист ре­тінде ғана емес, ата-ана ре­тінде де түйдім», - дейді Хаметжанова.
Ол Владимир Зеленскийді әкесінің қалай тәрбиелегенін айтып берді. Украина президентінің әкесі журналистен оны бала күнінде жазалағанын да жасырмаған.
 «Әкесі Александр Семенович сабақты дұрыс оқымағаны үшін ұлының өзінен өмі­рінде бір рет таяқ жегенін де жасырмады. «Ұлым мүлде бас­қа бағытты қалады. Менің тәрбиедегі ең негізгі ұстанымым – балаға кедергі кел­тірмеу. Егер де ол бір істі қа­лап тұрса, рұқсат беріп, бетін қайтармаған дұрыс», – деп жауап берді. Жалпы, бұл бізге де керек нәрсе екен деп ойладым. Себебі кейде ұл-қыздарымыз «жүземін» десе «билейсің», «билеймін» десе «жүзесің» деп, өзіміздің орындалмай қалған армандарымызды балаларымызға артып жататынымыз жасырын емес қой», - дейді журналист. 
Өз сөзінде журналист Украина президентінің ата-анасы қарапайым адамдар екенін атап өтті.
«Зеленскийдің әкесі – профессор, техника саласының маманы, Қазақстан, Ресей, Монғолия ел­дерінің тау-кен өндіріс орындарында, шахталарында жұмыс істеген. Бұл кісілер үшін материалдық байлық онша маңызды емес екен. Өйткені үйдің іші де, ондағы жиһаздар да қарапайым. Пре­зиденттің ата-анасының үйі деп ешкім ойламайды. Әкесі өте көңілді, қалжың айта білетін, езуі жиылмайтын адам екен. Ұлына әртістік қанмен берілген нәрсе болса керек. Ұлы көлік алып бермек болған кезде одан бас тартыпты. Әкесі Lanos маркалы ескі көлікпен жүр. Бұл кісілер шетелге демалғанды да аса ұната бермейді екен.
«Шетелге баруға асықпаймын, мен әлі Украинаны то­лық аралап көрген жоқпын», – дейді. «Бізге мейрамханадан тамақтанудың қажеті қажеті жоқ, әдемі көйлек киіп, қыдырып жүретін жаста емес­піз», – деп айтады», - дейді Аида Хаметжанова.
02 шілде 2019 ж. 819 0