Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1991 жыл: "Толқын" және Тәуелсіздік

1991 жыл: "Толқын" және Тәуелсіздік

Тәуелсіздікке тәу етемін. Тек мен емес, жаны қазақтың барлығы солай. Құндылығына баға жетпес азаттықтың асыл тәжі төбемізге «топ» етіп орнай қалмады. Бұған тарих куә, жылдар – есепші. Кеңестік шеңберден кеңістікке жеткен күн көпшіліктің көңілінде қалған дүние, ұмытылмас сәт. Келешектің нұрлы таңын күткен кешегі аға буын үшін – ақталған үміт, ал бізге – мүмкіндік.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

Атыңнан айналайын, тәуелсіздік! Бодан көңілді көкке көтеріп, шаттықтың әнін шартарапқа таратқан ұлы күш. Қатпар-қатпар тарихта таңба болып қалған нәубеттер мен отқа оранып, мұз жастанған жастардың арманының өтеуі де өзіңсің. Ақиқат пен достықты, бауырмалдықты бауырына жастанған кең пейіліңнің сыйы да осы тәуелсіздік. Тектіліктің туын жықпаған қазаққа мәңгілікке басылған таңба – бұл.
Көз көрген жайдың несін жасырып қалайын. Тілеуі адал қарттар мен жүрегі адал жастардың желпінісін мына бір оқиға арқылы айтсам елдің ықыласы мен үкілі үмітінің ақталғаны нағыз бақытқа баланғанына тағы бір дәлел болар. Дүниеге он төрт бала әкелген әжеймен көрші болдық. Жолдасы соғыстан аман қайтқанымен, жарақаты болыпты. Міне, нағыз майдан көріп, бодандық пен құлдыққа қарсы тұрған жанның күресі де азаттықты аңсау емес пе?! Қарша бораған оқтың астында елдің амандығы үшін алысқан ақсақалдың кемпірі мен ес білгенде бар болатын. Қиын¬дықты көзбен көрген әжей жайын ата-анам:
– Қазақстан тәуелсіздік алды. Барлығымыз қуандық. Өз алдына мемлекет атанып, президент сайладық. Бұл біздің арманымыз болатын. Қазақты қазақ билегенге не жетсін. Сол сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жеңіп шықты. Қарияның пейілін қарасаңшы. Сол күні таңның атысымен үйдің есігі қағылды. Есікті ашсақ, көрші әжей «Аллаға мың да бір шүкір! Ел болып басшы сайладық. Нұрсұлтан президент болыпты» деп шелпек таратып жүр екен, – дейтін. Сол әжейдің тілегі қашан сәлем бере барсақ та, елдің тыныштығы мен тәуелсіздіктің мәңгілік болуы ғана еді.
Ес білгелі егемен елдің болмысы көз алдымда. Тәуелсіз Қазақстанмен бірге есейіп келемін. Бақытты ұрпақпыз. Бірақ осы бақытты күн есігімізден енгендегі елдің жайын еске тоқитын жаста емес едім. Жоғарыдағы ақпардың барлығы естумен ғана білген дүнием. Басқа қонған бақытты бағалай білу үшін сарғайған газет беттеріндегі жазбаларды бір шолып шығуды ұйғардым.
Тарихпен бірге жасасып келе жатқан «Толқын» газетіндегі құнды дүниелерді парақтадым. Сарғайған парақтар сыр ақтарып, бақытымды еселегендей болды. Елдің ғана емес, тілдің, адамның азаттығы «айқайлап» тұрды. Колбинді көксегендерге қарсы көтеріліп, жердің иесі қазақ екенін сол кездегі кеңестік билікке жеткізген боздақтардың асқақ арманы орындалды. Тоқсан жылдық тарихы бар басылымда сол уақыттағы жұрттың шаттығы мен құрықтан босаған қазақтың қуанышы айна-қатесіз суреттелген.
Қараңызшы, қандай керемет! Еркіндіктің иісі аңқып тұр. Газеттің алғашқы бетінен-ақ біздің болашағымыздың нұрлы боларын анық байқайсың. Егемен ел ретінде алғашқы Қаулының қауқары да «ел өзіміздікі» дегендей жарқырайды-ау, шіркін! «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қаулы етеді:
«Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» Қазақ КСР Заңының 24-бабына сәйкес және ант беруіне байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті деп есептелсін» деген жолдар қазақтың билік басына қазақ келіп, жастардың арманы ақталғаны емес пе?
Әсіресе дәл сол 1991 жылы жарық көрген 19 желтоқсандағы №96 санындағы «Ұлтшылдық қазаққа тағылар айдар ма?» мақаласын әрбір қазақтың жігерін жандандырар жаңалыққа баладым. Қаншама жылдар бойына жүректе желтоқсанның тоңындай қатқанымен, тістен сыртқа шыға алмаған шындық ашылды. Өз ұлдарымызды, қыздарымызды ұлықтап, батырлығын паш етуге мүмкіндік туды. Қамауда келген ақиқат ақыры жарыққа шықты. Тіліміз азат, дініміз азат, одан асқан не бақыт бар?! Желтоқсан оқиғасында «қазаққа қазақ керек» деп ұрандаған жастарды жаншығандар жайлы «... Ал халқымызға мәскеудегілер «ұлтшыл» деген қаралы айдар тақты. ... Республика Президентінің Жарлығымен желтоқсанға қатысушылар ақталды» дегені неткен бақыт! Сол себепті де біз осындай қиындықпен келген бақытты бағалауымыз тиіс.
16 желтоқсан 2019 ж. 1 246 0