Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ МҰХТАР ОРАЗБАЕВТЫҢ 16 ЖЕЛТОҚСАН - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

АУДАН ӘКІМІ МҰХТАР ОРАЗБАЕВТЫҢ 16 ЖЕЛТОҚСАН - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Қадірлі ағайын! Құрметті жерлестер!Баршаңызды Ұлы дала елінің ұлық мерекесі, елдігіміздің тұмары – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік – дәуір мен уақыттың бізге берген үлкен сыйы, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат жоқ. Еліміздің Тәуелсіздігі – ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің көк байрақты жеңісі.
Ұлы далада сан ғасырлық қоғамдық құбылыстарды басынан өткізген ел мен халық үшін Ұлы дала сахнасында болған тарихи оқиғалар ізсіз кеткен жоқ. 
Сол соқпақты жолды жүріп өткен бабаларымыз талай ғасыр азаттықты аңсап өтсе де, рухы мықты, өр халық намысын ешкімге таптатпады. 
Мың жарым жылға жуық халық болып бірігуді, ел болып қалануды, еркіндікті аңсаған халықтың арманы 1991 жылы жүзеге асты. Тарих бетінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті пайда болды.
Тәуелсіздігімізді орнықтырудың ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгер саясатының нәтижесінде ортақ мақсаттар жолында жұдырықтай жұмылған баршамыз Тәуелсіз мемлекетімізді бірлесіп құруға мүмкіндік алдық.
Осылайша, Қазақстан әлемдік тарих бетінде Тәуелсіз Ел ретіндегі жаңа парақтарын бастады. Бүгінде ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың бағындырған белестері, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылған мемлекетіміздің толағай табыстары орасан. Тілегі татулыққа негізделген қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды.
Осы уақыт ішінде мемлекетіміздің экономикасы қарыштап даму үстінде болып, көп ұлтты, бірлігі жарасқан, ынтымағы бекем, келешегі кемел ел болдық.
Бұл – ұлт пен ұлыстың татулығы, отандастарымыздың табанды еңбегі мен ерік-жігерінің жемісі. Сондықтан да, тарихи оқиғалар тоғысқан бұл мерекені қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек.
Тәуелсіздік жылдары өңіріміздің де экономикалық даму көрсеткіштері қарқын алып, осынау жыл ішінде Арал ауданы зор жетістіктерге қол жеткізді. Уақыт талабына сәйкес, аудан көлемінде жаңартулар мен жаңғыртулар жасалды. Бұл тарапта әрбір аралдықтардың еңбегі, лайықты үлесі бар.
Ардақты ағайын!
Әрине, біз Тәуелсіздігіміздің тағы бір жаңа парақтарын ашар тұста азат ел екенімізді, өткеніміз өнегілі, келешегіміз кемел екендігін зор мақтанышпен айтамыз. Сондықтан да, кешегі өткен бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздікті қанша дәріптесек те артық емес. Ұлы мерекені ұлықтау ел болып еңсе тіктегінімізді көрсетеді. Қазақ үшін қандай да бір мереке болмасын оның бастауында – Тәуелсіздік күні тұрады.
Ендеше, қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін бағалау жолында бәріміз жұмыла еңбек етуіміз қажет. 
Баршаңызды ұлық мерекеміз –Тәуелсіздік күнімен тағы бір мәрте құттықтаймын! 
Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін! 
Қазақ елінің Тәуелсіздігі ғұмырлы, Туымыз тұғырлы болсын!
Мереке құтты болсын!
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
14 желтоқсан 2019 ж. 6 843 0