Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шие гүліне саяхат: Жапониялық сакура сыры

Шие гүліне саяхат: Жапониялық сакура сыры

«Қыз Жібектің ақтығы –
Наурыздың ақша қарындай», – демекші, Жапон елінде де сұлу қыздың әдемілігін қыстың үшінші айында жауған қармен теңейтін теңеу түрі бар. Жапондықтар осы қыстың үшінші айын асыға күтеді, жердің бетінің әдемі реңге боялғанын күтеді. Ал Сакурадзуки – Шығыстың Ай күнтізбесіндегі Наурыз айы. Елдегі Окинава аралдарынан бастап солтүстіктегі Хоккайдо елді мекеніне дейінгі аралықта сакураның гүлдеу уақыты Наурыздың 25-іне сәйкес келеді. Сакура гүлінің гүлдеуі табиғаттың климаттық жағдайына байланысты мамыр айының ортасына дейін жалғасады. Сакураның гүлдері кейбір жерлерде бірнеше күнге дейін тұрса, кейбір жерлерде бірнеше сағатта түсіп қалады екен. Өткінші өмір ұғымын сакурамен байланыстыратын жапондар көктемнің өткінші жаңбырын «сакураамэ» дейді.
Жапон тілінің этимологиялық сөздігінде «Сакура – Ұлы даланың Пірі Көктен түскенде гүлдейтін ағаш» деп түсініктеме берілген. Бұл анықтаманың мәніне үңілсек «Са» көне жапон тілінде Құдай мағынасын білдірген. Сондықтан сакура толық гүлдеген сәтте, яғни манкай уақытында елдегі барлық мекеме, ұжым өз жұмысын тоқтатады, оқушылар сабаққа бармайды. Барлығы сакураның гүлдегенін бақылап, ағаш саясында отырып, арнайы әзірленген тағамдардан дәм татады, сакэ ішеді.
Жалпы сакураның гүлдеу уақыты бір аптаға жуық уақыт алады. Ең бірінші болып елдің оңтүстігіндегі ағаштар гүлдей бастайды. Ол кезеңді өткізіп алған немесе ханами уақытындағы, яғни ағаштың гүлдеу уақытындағы әдемілікке қанбаған жан болса, солтүстікке жолға шығып, арнайылап шие ағашының қауыз жарғанын бақылай алады. Ол уақытта саябақтарда аяқты алып жүру мүмкін емес. Тіпті кейбір жандар сакура ағашының түбінде тәуліктеп қонып қалуы да мүмкін.
Сакура гүлдегенде Жапонияда болатын ерекше кезеңдер көп. Мысалға, 1 сәуірден бастап оқушылар мектепке барады (1 қыркүйек Жапон елінде төтенше жағдайлардың алдын алу күні). Сәйкесінше, академиялық оқу жылымен жапондардың жұмысқа кірісетін шағы осы кезең. Сакура гүлдеген шақта Киотада бір ай бойы «Ұлттық Би мерекесі» тойланады. Халық барынша ұлттық киімдерін киіп, ән айтып, би билеп, ұлттық ойындар ойнайды. Ұлттық тағамдардан дәм татып, бірін-бірі құттықтап, игі тілектерін жаудырады. Жапон елінің ырымына сенсек, бұл уақытта кімнің шарасына сакура қауызы түссе, келер жылы молшылыққа, табысқа толы жыл болады деп болжаған.
Шие ағашының ерекше екенінің тағы бір дәлелі – Токиодан шығатын «Сарай» журналының 2008 жылғы бір санындағы американ жігітіне тұрмысқа шыққан Дээйко Прайстың сұхбаты. Ол сұхбатында: «Мен бәрінен сакураның иісін сағынамын. Осыдан 130 жыл бұрын Жапониядан арнайы алдырылған сакура ағашы Америкада әлі күнге өсіп тұр. Дегенмен, оның туған жерімдегі секілді әсер бермейтіні анық. Сакураны жапондықтың жан дүниесінен бөліп қарауға болмайды. Мен осыны ұғындым. Зейнет жасындағы арманымның бірі – туған жеріме барып, көктем гүлін бір иіскеу» дейді. Міне, туған жерге деген сағыныштың өзін сакурамен байланыстырған елдің қасиетті бұл айы – қазақтың Рамазанынан кем емес екені анық.
«Әр елдің салты басқа» демекші, қай ұлт, қай заман болмасын өз құндылығын жоғары бағалайтыны анық. Тазалық пен пәктікті, сонымен қатар өмірдің қысқалығы мен оны өз рахатыңа сүруді үйрететін бұл дәстүр – ел мәдениетінен алшақтамақ емес. Қалай десек те ешкімді де бей-жай қалдырмайтын алқызыл, ақшыл түсті нәзік шие гүлінің бүршік жаруы – Жапония символы болып қала бермек.
ӘЛНИЯЗИНА
30 мамыр 2023 ж. 331 0