Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нанды неге бір қолмен үзіп жеуге болмайды?

Нанды неге бір қолмен үзіп жеуге болмайды?

Нан – қасиетті, наннан үлкен дәм жоқ. Адам кез келген тағамды екі-үш күн үзбей қабылдаса, ол канша дәмді, құнарлы болса да, сол тамаққа тәбеті ашылмайды. Ал нанды күнде жесе де жалықпайды. Бір күн үйіңде нан болмаса, дастарқаның ортайып, дүние жұтап тұрған секілді. Аштықтан өзегі талып үзілуге шақ қалған адам ет те, май да, тәтті де емес, бір үзім нан сұрайды. Аштықтан бұралған жан дайын нан түгілі, бес-алты түйір бидай дәнін талмап сорып, сол сәтте төніп тұрған ажал шеңгелінен аман қалады. Бидайдың құрамында адам бойына нәр беретін, қуат дарытатын ағзаға қажеттінің бәрі бар.

Бидай жайлы бір әңгімені жатқа білетінбіз. Ол былай айтылатын:

Күллі адамзаттың ата-анасы – Адам ата мен Хауа ана Ібілістің арбауына түсіп, күнә жасап, пейіштен Жерге қуылғанда ит оларға серік болып бірге кетіпті. Сонда иттің екі ұртында пейіштің дәні – бидай болған. Бидай Жер бетіне содан таралып, адамның негізгі ырыздығына айналған. Итті жеті қазынаның бірі деп сондықтан айтады. Бұл аңыз тек қазақта ғана емес, түркі халықтарының көпшілігінде бар. Әжелеріміз «итті аш қалдырмаңдар, иттің басынан теппеңдер, ит жеті ырыстың бірі, біз иттің несібесін жеп жүрміз» деп айтушы еді.

Қазақта үйге келген кісі қанша асығыс болса да, өзге тамақтан емес, наннан ауыз тиіп шығады. Адамдардың арасындағы ынтымақ-бірлік бір-біріне деген сыйластық дастарқандағы нан арқылы нығая түседі.

«Жамандық арқандаулы ат секілді, қайтып айналып қазығын табады» деген бабаларымыз. Бұл да өмір шындығы. Кішкентай кезімізде ата-анамыз: «Жерде жатқан нанды көрсең еңкейіп ал, биіктеу жерге қой, құс шоқып жесін, сауабы тиеді. Тістеген наныңды қалдырмай тауысып же, несібең кем болмасын, нанды уатпа, уатсаң же. Бір қолмен нан үзбе, кесір болады, кесірден басыңа кесепат келеді. Нанды қорласаң, ақыры өзің сорлайсың», – деген секілді ескерту, ақыл сөздермен тәрбиелейтін. Қай кезеңде болсын нанның қасиеті туралы аз жазылған жоқ.

turkystan.kz
03 маусым 2023 ж. 807 0