Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ-ның шекті балдары жарияланды

ҰБТ-ның шекті балдары жарияланды

Ұлттық тестілеу орталығы 2023-2024 оқу жылына отандық жоғары оқу орындардарына түсуге арналған ҰБТ-ның шекті балдарын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Айта кетейік, министрлік белгілеген шекті балдар биыл өзгерген жоқ:

- «Құқық» және «Педагогика ғылымдары» бағыттары бойынша – кемінде 75 балл;

- «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» - кемінде 70 балл;

- «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» - кемінде 60 балл;

- ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл,

- өзге жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 50 балл.

Әр пән бойынша шекті балл – 5 балл.

Сонымен қатар 2019 жылдан бері академиялық еркіндік шеңберінде ЖОО-лар ақылы негізде де, грант бойынша да оқуға қабылдау үшін ҰБТ-ның өз шекті балдарын белгілеуге құқылы.

Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге ыңғайлы болу үшін еліміздің барлық жоғары оқу орнының шекті балдарын жыл сайын ортақ тізімде ұсынып отырады. Бұл мәліметті оқу орындарының веб-сайттарынан да көруге болады.

Мысалы, бір түлек математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді деп алайық. Ол ҰБТ-да жинаған 80 балымен грант конкурсына немесе ЕҰУ-дың ақылы бөліміне тапсырғысы келеді. Сіздер білетіндей, «Педагогика ғылымдарына» шекті балл – кемінде 75 балл, ал ұлттық жоғары оқу орындарына – кемінде 65 балл. Түлектің жинаған балы оқуға қабылдау үшін жетіп тұр. Алайда, бұл университеттегі оның оқығысы келетін мамандыққа шекті балл 90-нан басталады. Демек, түлекке 80-нен төмен шекті балдары бар басқа университетті іздеуі керек. Сондықтан оқуға құжаттарды тапсырар алдында талапкерлер жоғары оқу орындарының шекті балдарын білуі тиіс, - деп атап өтті ҰТО директоры Руслан Емелбаев.

2023-2024 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізімі жақын уақытта жарияланатын болады.
09 маусым 2023 ж. 242 0