Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кондиционердің зияны және одан қалай қорғану керек?

Кондиционердің зияны және одан қалай қорғану керек?

Қазір кез келген дерлік үйден немесе кеңседен кондиционер көруге болады. Оның негізгі функциясы - бөлме ішіндегі қалыпты микроклиматты сақтау. Мысалы, ол жаздың ыстық күндері бөлмені салқындатады, ал суық ауа райында ауаны жылытады.  Алайда оның артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. 

Кодиционер бөлме ішіндегі ауаны тымырсық етеді

Көптеген кондиционерлер желдету жүйесімен жабдықталмаған және тек бөлмедегі бар ауаны айдап отырады. Яғни, ол ауа қозғалысының себебінен жалған сергектік сыйлайды, алайда біраздан соң бөлме іші тымырсық болып кетеді.

Бұл проблеманы шешу үшін кондиционердің ауа массасын тазартатын сүзгі жүйесімен жабдықталған түрін таңдаңыз. Қазіргі жетілдірілген кондиционерлерде вентиляция функциясы да енгізілген. Мұндай кондиционерлердің бағасы қымбатырақ, бірақ олар ауа балғындығы проблемасын тиімді шешеді.

Егер кондиционеріңіз ескі болса, терезе мен есікті ашып, желдетіп алып тұрыңыз.

Тұмау ауруларының пайда болуына ықпал етеді

Кондиционердің салқын ауасын қолданып бастаған кезде кей адамдар тұмауратып қалады. Дәрігерлер оны температуралардың бірден өзгеруімен байланыстырады: ыстық даладан суық бөлмеге кіру. Бұл дайын емес иммунитетке жағымсыз әсер етеді.

Ауырып қалмас үшін сыртқы және ішкі температуралар айырмашылығын 10С градустан артық етпеу ұсынылады. Мысалы, егер далада +30С градус ыстық болса, бөлме ішіндегі ауаны +20С градустан төмен түсірмеуге тырысыңыз.

Сондай-ақ кондиционерді бөлмеге орнатқан кезде оны адамдар жиі отыратын жерге қарсы қоймау керек. Егер оның салқын ауасы адамға тіке үріп тұратын болса, ол адамның ауырып қалу қаупі жоғары болады.

Кондиционер - бактериялар ошағы

Кей жағдайда кондиционері бар бөлмеде ұзақ отыратын адамдарда бактериалдық инфекциялар, сонымен қатар пневмония пайда болатыны байқалады. Бұл микроағзалар құрылғының сүзгіш компоненттерінің ішіне орналасады және уақыт өте ауа ағынымен бірге бөлме ішіне тарайды.

Сондықтан кондиционерге антибактериялық сүзгілер қолдану керек және оның сүзгісін уақытылы тазартып, ауыстырып тұру қажет. Әдетте, 6 айда немесе 1 жылда бір рет тазарту ұсынылады.

Кондиционер ауаны құрғатады

Кондиционер бөлме ішіндегі ауаны құрғатады деген пікір бар. Құрғақ ауа тері мен тыныс алу жолдарына жағымсыз әсер етеді, сондай-ақ көзді құрғатады. Сондықтан кондиционер қосулы тұрған бөлмеге ауа ылғалдандырғыш құрал қою ұсынылады.

massaget.kz
12 маусым 2023 ж. 260 0