Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына 80 кәсіпкер қатысуға өтінім берді

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына 80 кәсіпкер қатысуға өтінім берді

2023 жылғы 30 маусым сағат 09.00-13.00 аралығында Қызылорда қаласында жергілікті тауар өндірушілердің қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары - 2023» өңірлік көрме-байқауы өтеді деп жоспарланып отыр.

Шараны облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып жатыр.

«Барша қызылордалықтарды көрмеге келіп, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерімен танысуға, әріптестік байланыс орнатуға шақырамыз. Сондай-ақ бұл көрме өнімдерді жақсы бағамен алуға болатын таптырмас шара. Көрмеге қала-аудандардан 80 кәсіпкер қатысуға өтінім берді», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Көрме Қызылорда қ-сы, Қорқыт ата 123 мекенжайындағы «Бизнеске арналған Үкімет» ғимаратының («Арсеналдың» жаны) 1-қабатында өтеді.

Айта кету керек, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндірумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда) айналысатын және өнім сапасының тұрақты жоғары деңгейін қамтамасыз ету және оны жүйелі түрде жақсарту жөнінде оң нәтижелері бар дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады.

Байқау 2 кезеңде өткізіледі: өңірлік және республикалық.

Ұйымдар байқауға келесі номинациялар бойынша қатысады:
1. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;
2. «Халыққа арналған үздік тауарлар»;
3. «Үздік азық-түлік тауарлары».

Өңірлік көрме-байқаудың 9 жеңімпазы (әр номинацияда үш жеңімпаздан) республикалық байқауға қатысады.
27 маусым 2023 ж. 226 0