Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен есейген ерлі-зайыптылар

Еңбекпен есейген ерлі-зайыптылар

Жазушы Уалихан Қалижанның «Замана сыры» кітабында айтып кеткендей «Адам шыр етіп дүниеге келеді. Дүниеге келген соң не бітірдің,не істедің, оның сұрауы бар.Бірін Алла, екіншісін тарих сұрайды.Әрине, біреулер дүниеге үнсіз келіп, ұрпаққа үлгі етіп, тарих үлесіне кіреді. Олар мыңдаған жылдар ұмытылмайды. Ал енді біреулер өз ауылына, өз өлкесіне тарих шежіресіне еніп, бүтін бір әулеттің мақтанышына айналады» деген екен.Сол айтқандай өз әріптестерінің, замандастарының, жамағатының арасындағы жарасымдылығы, әулетіне сыйлы ағайын-туыс,жекжаттардың құрметпен қарайтын азаматтарымыз баршылық. Өз ісіне ұқыптылық, сыпайылық, сезімталдық, сабырлық,адалдық, жайдарылық, кешірімшілдік, қарапайымдылық ақыл мен көркем мінезді жарастырған, басқа да асыл қасиеттерді бойына дарытып, жан-жағына шұғыла нұрын себелеп жүретін ішкі мәдениетіне бай жанды қазақ көркем мінезді адам деп айрықша бағалаған.Қилы-қилы тағдырлар сияқты адам мінезі де саналуан болатыны жасырын емес. Мен айтқалы отырған Толғанбек Есжанұлы Тишевта талапшыл, әділдігі басым ақыл мен көркем мінезді жарастыра білген,әулеттің мақтанышы, ұрпақтарға өнеге боларлықтай ерен еңбектің иесі бірнеше марапаттардың иегеріне ие болған көркеммінезді азамат екені белгілі.
Толғанбек Есжанұлы 1951 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Тұрмыс тауқыметі Толғанбекті ерте есейтті. Алты жасында елге аңыз болған әкесі Есжан дүниеден өтті. 1968 жылы балаң жігіт кешкі мектепке ауысып, кеме жөндеу зауытына үйренуші слесарь болып орналасты. «Әр ұстаның да өз ұстазы болады» демекші, сол кездегі зауыттың еңбек озаттары атанған Шохманов Алпысбай, Таханов Әлиасқардың қамқорлығы Толғанбекті еңбек етудің алғы шарттарын біліп, үйренуге көп көмектерін тигізді. Адам өзін жетілдіру арқылы биікке жетеді. Үйренушіден бастаған Толғанбек бригадир, мастер, цех бастығының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Зауыттағы 40 жыл өтілінің арасында 1969-1971 жылдары әскери борышын өтеді. Семей сынақ полигонында түрлі құрылыс жұмыстарымен айналысты.«Сынақ алаңынан 100 шақырым қашықтықта болғанда, сынақ кезінде айнала тұман болып, жер сілкінгендей болушы еді. Сол сынақтың зардабы болуы мүмкін, он екі мүшеміздің ауырмайтын жері жоқ.Мемлекетіміздің қамқорлығын сезінудеміз. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестіріліп, 2005 жылдан біржолғы жәрдем және ай сайын 15 мың теңге зейнетақымызғақосылып келеді.Жылма-жыл Астана,Алматы қалаларындағы әскери госпитальға емделіп қайтамыз» деп ағынан жарылады ол .
2008жылы Арал кеме жөндеу зауыты жұмысын тоқтатқан кезде, білікті маман ретінде қаладағы индустриалды-техникалық колледжге өндірістік оқу шебері болып орналасып, автоген, дәнекерлеуші мамандықтарын үйрете білді. 6 жыл бойы колледжде мол тәжірибесін үйретуден жалыққан емес. Сөйтіп абыройлы еңбек етіп,2014 жылы зейнетке шықты. «Даңққа тұлпарлар дүлдүлімен жетеді, ер азамат білгірлігімен жетеді» демекші, ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 1979 жылы облыстық кеңестің депутаты болып екі мәрте сайланып, сайлаушылар аманатын абыроймен атқарған болатын. «Бесжылдықтың жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталған. Еңбек озаты ретінде ауданның «Құрмет» тақтасында суреті орын алған болатын. «Семей полигонының жабылуына20 жыл,25 жыл» мерекелік медальдары омырауында жарқырайды.Басқа сала басшыларынан алған грамоталар, ақшалай сыйлықтар өз алдына бір төбе десе болады.
Жақсы жігіт ел-жұртының қаласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай, – деп Сүйінбай жырау жырлағандай, Толғанбек жар таңдаудан да маңдайлы болды. Аралдың ару қызы Зәуреш Мырзағазықызымен бас қосып, отау құрды.Бұл 1972 жыл болатын. Зәуреш қаладағы №13 мектептің түлегі. Зәуреш өнегелі дүлдүлдердің өмір белестерінен дәріс алып,әке қаны, ана сүтімен дарыған жайсаң мінезі, иманын жүрегіне ұялатқан, әдеппен көрініс тапқан, ұрпақтарына аналық қасиетін еге білген, кең пейілді,жүзінен мейірімі төгіліп тұратын отбасының ұйытқысы, келіндерінің ақылшы ұстазы, адалдықтың бұлағын лайламаған адал жар бір қолымен бесікті тербеткен, екінші қолымен әлемді тербеткен алтын құрсақты абзал ана. Зәуреш Мырзағазықызы мектеп бітірісіменАрал кеме жөндеу зауытына сырлаушы болып орналасып,еңбек етіп, теңіз төрінде жүзген кемелерде қолтаңбасын қалдырған ерен еңбек иесі бола білді. Адал еңбегі ескеріліп, зауыт әкімшілігі аудандық кәсіподақ комитетінен,басқада басшылықтан алған түрлі марапаттардың иегері болғанеңбекқор қыздарымыздың бірегейі десе жарасады. Сол зауыттан көп балалы ана ретінде құрметті демалысқа шықты.Жаман әйел мен жақсы әйелдің айырмашылығы жөнінде бірнеше жыл елімізді басқарған Дінмұхаммед Қонаев ақсақал «Жаман әйелдің екі қолында пышағы болады. Бірімен дастарқандағы нанды турайды,екіншісімен көрсетпей жаныңды турайды. Жақсы әйелдің қасиеті – қолында оқтау болады, тілінде тоқтау болады» деген екен.
Жақсы отбасы –бақыттың отаны.Ерлі-зайыптылардың жарастығы бақыт ағашы болса, балалары оның жемісі. Мұндай жанұяға тап келген қиындықтың өзі жақсылыққа айналып кететінін өмір көрсетуде.Толғанбек пен Зәуреш жеті перзентті дүниеге әкеліп, босағаларын алтыннан соқтырып, бала сүйіп, мейірімдерін қандырған абзалжандар.Тұла бойы тұңғышы азамат атанған Бақыты қайтыс болғанда Толғанбек пен Зәурешке, бауырлары мен адал жары Айнұрға оңай соқпағаны белгілі. Бүкіл ел болып,беліміз қайысып, соңғы сапарға шығарып салғанымыз бар.Бақыттың үш перзенті өсіп келеді.Үлкені Қайыржан кәсіпкерлікті дөңгелетуде. Бақыттың адал жары Айнұр ошағын өшірмей,Бақыттың салып кеткен сара жолын жалғастырып, орталық мәдениет үйінің беделді қызметкері атануда.Осы мақаланы жазып отырғанда жүрегім сыздап, көзіме жас үйірілгенін несіне жасырайын. Мен де 26жастағы ақжелкенім – Гүлшатымды жер қойнауына бергенмін, ата-ананың бауыр еттен жаралған перзентіне топырақ салу қиынның қиыны екенін көрдім.Сол Гүлшатым мектепті медальмен, КазГУ-ды қызыл дипломмен бітірген еді.Оған деген сенімім, мейрімім, болашағынан күткен үмітім бір күнімдей болмай үзілгеніне қиналып еске аламын.Ж.Баласағұн «Бірде бал, бірде у беріп өтеді өмір, бақты да, қайғыны да көтере біл» дегендей,қалғандарына жүрім берсін деп тілегін тілейміз.
Толғанбектің үлкен шешесі Балтуған анамыз ер тұлғалы, бойы-сойы келіскен, елдің қамқор анасы болған. Өйткені айтып жүргенімдей, қонысымыз «Сарышоқы» елді мекені ғой. Сол Сарышоқыдан балалар болып, оның ішінде Толғанбек те болатын, шешеміз арқамызға тағып берген балықты қаладағы Балтуған апамызға алып келеміз. Ол кісі балықты сатып, ақшасына азық-түлік алып беруші еді. Сөйтіп елге қамқоршы болғанБалтуған ананы еске алып отыру – біздің парызымыз. Ал екінші шешесі Тоқсұлу апай да мейірімді, «айналайыны» көп апа еді. Толғанбек Есжанұлықоғамдық жұмыстардан да қалыс қалған емес. Нұрмағамбет Қосжанұлыкөшесінің көше комитеті төрағасы. Көшенің тазалығы, тәртібі, әлеуметтік жағдайларын білетін жанашыры іспетті. Көше тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тиісті орынға жеткізіп отырады және оның нәтижелеріде болатыны белгілі. Қаладағы көше комитеті кеңесінің құрылғанына 20 жыл толуына байланысты Толғанбек Есжанұлын сол кездегі аудан әкімі М.Оразбаев Алғыс хатпен марапаттаған болатын. Жақында ғана аудан әкімі С.Сермағамбетовтің қолынан көше тазалығы бойынша Алғыс хат алып, тағы да мәртебесі көтеріліп қалды.
Мына бір мысалға көңіл аударсақ. Алтын жұмыртқалайтын самұрық құс бәйтеректің басында көп жылдар мекендепті. Басқа жаққа қоныс аударатын болған екен.Самұрыққа бәйтерек:
– Сен менің басымда ұзақ жылдар мекендедің, енді не тілегің бар, – деген екен. Сонда самұрық құс:
– Өсе бер дейін десем, онсызда аспанды тіреп тұрғандайсың,жапырағың жайыла берсін дейін десем, онсызда көлеңкең көп жерге түсіп тұр.Тамырың тереңге кетсін дейін десем, онсызда тамырың тереңге кеткен. Менің айтар тілегім «Алла тағала сені орманшының балтасынан сақтасын»– деген екен.
Сол айтқандай, қос бәйтерек Толғанбек пен Зәуреш өнегелі өмір салтымен аспанды тіреп тұрғандай, ұрпағымен жапырақтарыкеңге жайылған, туыс-бауырларымен, құда-жекжаттарымен тамыры тереңге кеткен мерейлі отбасы.Самұрық құс бәйтерекке: «Орманшының балтасынан сақтасын десе,мен Толғанбек пен Зәурештің отбасын «Алла тағала тіл- көзден сақтасын» дей отырып, отбастарына амандық, өздеріне зор денсаулық, көрген қызықтарынан көретін қызықтары көп болып ұрпағының шат күлкісіне кенеле беріңдер деген ағалық тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері
25 шілде 2023 ж. 588 0