Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

Кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау 1 маусым мен 15 шілде аралығында ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында (app.testcenter.kz) жүзеге асырылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 43 мыңға жуық өтініш қабылданды. Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «Бизнес, басқару және құқық» бар.

«Барлық қалаушылар үшін тіркеу бір жарым ай жүргізілді. Тіркелу барысында оқуға түсуші тестілеу орнын өзі таңдады. Емтихан бүгін басталып, 10 тамызға дейін жалғасады», деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Шеткі балдар өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік магистратураға түсу үшін 50 балл жинау қажет. Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 11-14 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 26 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттардың ЖЖОКБҰ-на қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.

Магистратураға түсу форматына келcек, биыл ешқандай өзгеріс жоқ. Тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляция беруге болады. Тестіленуші емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция бес күнде қарастырылады. Одан соң сертификат оқуға түсушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Еске сала кетсек, магистратурада оқу үшін 2023 жылы 13 мыңнан астам грант бөлінген. Кадрларды даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді.
28 шілде 2023 ж. 286 0