Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең

Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең

Елдің елдігін, халықтың теңдігін айқындайтын Ата Заңымызға биыл 28 жыл толады. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық республикалық референдуммен еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын басты құжат Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, қолданысқа енгізілді.
Ата Заңның қабылдануы конституциялық құрылыстың құқықтық негізін қалады, қоғамдық, саяси жүйенің негізгі қағидаттарын орнықтырды. Адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі. Адамның құқық¬тары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған құқықтық нормалар бекітілді. Мәселен, Ата Заңның тоқсан тоғыз бабының үштен бір бөлігі адамның құқығы мен бостандығын қорғауға арнал¬ған. Бұл заң талаптары декларатив¬ті түрде емес, шын мәнінде пәрменді түрде жұмыс істейді.
Конституцияның 13 және 14 баптарындағы «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар», «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең»-деген қағидалар - еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап бүгінгі күнге дейін құқық саласындағы басымдық беріліп келе жатқан негізгі бағыттарға айналды.
Осы конституциялық қағидатты қамтамасыз етуде мемлекеттік биліктің дербес тармағы – сот билігінің рөлі ерекше. Сот билігінің басты мақсаты - еліміздің заңдарына сай әділ шешімдер қабылдау болғандықтан, азаматтардың, жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қорғауда шешуші рөлге ие. Егер, басқа мемлекеттік органдардың құқық қорғау функциялары белгілі бір құзырет шегінен аспайтын болса, соттар әрбір тұлғаның тағдырына байланысты түпкілікті, тек заңға негізделген шешім қабылдау арқылы әлеуметтік әділдікті орнатады.
Қазақтың ақиық ақыны Ахмет Байтұрсынов: «Әділ билердің қолындағы билік - қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді...» деп, ел аңсарын білдіріп кеткен екен. Шешендікпен айтылған билер сөзін ұмытпай, қай кезде болса да қастерлі мұрадай жадында сақтаған халық қазір де сот бейнесінде шындықты ашып, ақиқатты жарыққа шығаратын әділет жаршысын көргісі келеді.
Осы мақсатта еліміздің сот жүйесі үшін тәуелсіздік алған уақыттың әрбір кезеңі жаңа талапқа сай әділ сотты қалыптастыру жолындағы тынымсыз ізденістер, батыл бетбұрыстарға толы болды.
Сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилер институты енгізілді, күзетпен ұстауға санкцияны соттың беруі бекітілді, экономикалық, әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып қызметін бастады,
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында «электронды сот төрелігі» дамыды, республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары 100 пайыз дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті, судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесі түбегейлі қайта қаралды, бес сатылы сот жүйесі үш сатылы сот төрелігіне көшті.
Сот жүйесінде заманауи технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Жаңа технологиялар азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты.
«Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасын жүзеге асыру аясында сот-құқықтық жəне заң шығару реформаларының арқасында отандық сот жүйесін модернизациялау бағытында бірқатар маңызды қадам жасалды. Тиімді судьялар корпусын қалыптастыру, судьяларды артық жүктемеден арылту, соттардағы жұмыстың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған жаңа заңдар қабылданды. Бұл бастамалардың барлығы саланы жаңа биікке көтерді, жұмысын жандандырды, халықтың сот қызметіне деген сенімін нығайтты. Бүгінде еліміздің сот жүйесі қоғамның барлық саласында заң үстемдігінің орнығуын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап келеді.
Өткен жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 8 маусымда жалпыхалықтық референдум өтіп, конституциямызға өте маңызды және өзекті саналатын өзгерістер енгізілді. Жалпы құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі — Конституциялық Соттың құрылуы болды.
Конституциялық Сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сəйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды. Демек, енді кез келген азамат Конституцияда көзделген құқықтары бұзылған жағдайда Конституциялық сотқа жүгіне алады. Бұл да өркениетті, құқықтық мемлекетте адам құқығының басты назарда екенін дәлелдейді.
Камшат САДУАҚАСОВА,
Арал аудандық сотының төрағасы.

фото: zhalagash-zharshysy.kz
21 тамыз 2023 ж. 243 0