Әлеуметтің әлеуетін көтеруге негізделген қадам

Сондай-ақ Жолдауда Президент пәрменімен келер жылы қолданысқа енетін «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынып, нәтижесінде 2024 жылдан бастап балалар есепшотына қаражаттар түсе бастайтынын баяндады. Бұл дегеніміз, келешек иелеріне деген үлкен көмек еді. Бұдан басқа да маңызды салаларға қатысты міндеттемелерді айтқан Мемлекет басшысы ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік салаларын дамытуға жасалып жатқан баянды бастамалар мен толымды тірліктер төңірегінде ой қозғап, игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 млн. гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын тілге тиек етті.
Жалпы, Жолдаудағы әрбір сөзі көңілге қонымды. Әлемдік саяси аренада өзіндік орны бар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұтырлы ұстанымы, байыпты байламы әрдайым Қазақстан мемлекетінің өркендеуіне негізделетініне тағы бір мәрте көз жеткіздік. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты бүгінгі сиясы кеппеген Жолдау барша аудан жұртының көңілінен шығатыны анық.
Абай ЕЛЕШОВ,
«Толқын» газетінің бас редакторы,
«Amanat» партиясының мүшесі
Фото: egemen.kz