Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұртшылық ойын дөп басқан Жолдау

Жұртшылық ойын дөп басқан Жолдау

Қыркүйек  –  маңызды құжатпен басталды. Нақтырақ тоқталсақ, ырысқа толы күздің алғашқы айында жұртшылық ойын дөп басқан Жолдау барша қазақстандықтарға жол тартты.Иә, қазіргідей пандемия белең алған кезде елді сабырға шақырып, баянды болашаққа бағдар ететін стратегиялық құжатты күллі елдің назарына ұсынған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында бағындырар  белестің, алар асудың көп екенін алға тартып, оның бәрі  маңызды мәселелерді еңсеру арқылы өз жемісін беретінін жеткізді.
–Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды және жедел қолдау көрсетті. Қарапайым заттар экономикасы өз тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды деп, мемлекет тарапынан жасалған ауқымды істің атқарылу барысын баяндап өтті.
Рас, Үкімет қаншама жарқын бастамаларды қолға алғаны анық. Оны арыға бармай-ақ «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының аясында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқанынан аңғара аламыз. Жолдауда тағы бір көңілдерге қуаныш ұялатқан жағымды жаңалық – төртінші бастамада айрықша аталған жалақы жайы еді. Яғни Мемлекет басшысы 2022-2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың және техникалық қызметкерлер мен қорықшылардың, көлік жүргізушілердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіру қажеттігін сөз етті.
Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған Президенттің сиясы кеппеген «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы осылайша ертеңімізді еңселі, болашағымызды баянды, келешегімізді кемел ете түсуге жарық көрген күннен бастап жол ашатынына сенім мол.
Ерімбет ЖӘУКЕЕВ,
Қарақұм ауылдық округі әкімшілігінің жетекші маманы   
09 қыркүйек 2021 ж. 402 0