Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Базалық мөлшерлеме төмендей ме?

Базалық мөлшерлеме төмендей ме?

Таяуда Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен 16,5%-ға дейін төмендету керектігі жөнінде шешім қабылдағаны бар. Бұл банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау және инфляция тәуекелдерінің теңгерімін бағалау негізінде қалыптасқанға ұқсайды.

Сыртқы ортаның инфляциялық қы­сымы әлсіздік танытып, біраз елдерде орталық банктердің баға тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету саясаты нәти­жесінде инфляция баяулай бастаған. Алайда инфляцияның тұрақтануынан мөлшерлемені төмендету мерзімі өзге дамыған елдерде кейінге қалдырылған. Ұсынылған ақпаратқа қарағанда, әлем бойынша азық-түлік нарығындағы баға мен логистикалық шығындар да тө­мендеген. Экономикада кеңейіп ке­ле жатқан фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер, сондай-ақ өндіріс шығындарының өсуі жағынан проинфляциялық қысым сақталған. Инфляциялық үдерістер үздіксіз баяулап, жылдық инфляция биылғы шілде айында 14%, ал айлық инфляция 0,6%-ды құраған.

Инфляциялық күтулер біршама тө­мен­дегенімен, әлі де болса жоғары қал­пын сақтауда. Десе де, жекелеген та­уарлар нарығындағы жағдайдың өзгеруі алдағы бір жылға күтілетін инфляция 16,9%-ды құрайды.

Осы ретте сыртқы факторлардың инфляцияға әсері төмендеп, көптеген елдерде бағаның шарықтауы орталық банктер жүргізіп отырған саясаттың нәтижесінде баяулағандығын, бұл ба­за­лық инфляцияның орнықтылығы мен ортамерзімді перспективада тар­гет­терге қол жеткізбеу көптеген орта­лық банктердің мөлшерлемелерді тө­мендету циклін бастау мерзімі ке­йін­ге шегерілгендігін айтады. Біраз бұрын Федералды резервтік жүйе мөл­­шерлеменің соңғы рет көтерілуі биыл­ғы мамырда, ал алғаш рет төмен­деуі қараша айында күтілетіні туралы құ­лақ­тан­дыр­ғаны бар.

Деректерге сүйенсек, бүгінгі күні мөлшерлеме шілде айында бір рет көтеріліп, оның төмендеуі келер жылғы мамырға ауысқан делінген.

Былтыр Бас банк базалық мөлшер­ле­мені 16,75 пайыз деңгейінде сақтау жөнінде шешім шығарып, оған отандық сарапшылар қарсылықтарын танытқан еді. Себебі оның өте жоғары пайыздық көрсеткіш екендігін, биылғы жылдың соңына қарай мөлшерлеме пайызы 13,5-14,5 пайызға дейін төмендеуі ке­рек­тігін айтып, пікірлерін білдірген еді. Ал Ұлттық банктің экс-төрағасы Ғалымжан Пірматов Ақша-кредит сая­саты комитетінің белгілеген базалық мөлшерлемесін сақтау туралы шешімін бұрынғы дәрежесінде қалдыру ішкі және сыртқы инфляциялық факторларға әрі экономикалық өсу бағытына қатысты екендігін алға тартты.

Сарапшылардың базалық мөлшер­ле­ме­нің пайыздық көрсеткіші жыл соңына қарай 13,5-14,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін деген болжамдары жүзеге аспауы да мүмкін. Бұған қатысты танымал сарапшы-экономист Мағбат Спанов былай дейді:

«Елдегі инфляциялық үдерістерге түсініктеме беру – өте қиын. Ұлттық банк пен Ұлттық экономика министрлігі мүлдем басқаша жұмыс істейтінін бай­қау­ға болады. Ұлттық банкте 2024 жылға инфляцияның бір болжамды көр­сеткіші 16,9% болса, ҰЭМ-нің болжамы бойынша 6-8% деп көрсетеді. Өкінішке қарай, соңғы бес жылдағы инфляцияға әсер ететін және Ұлттық банктің 2022 жылға арналған жоспарына сәйкес, оның 3-4%-ға төмендеуіне әкелетін экономикалық саясат тиімсіз болып отыр.

Нақтырақ айтсақ, 2022 жылы ол 21 пайыздан асты. Егер алдағы уақытта бұл саясат өзгеріссіз осылай жалғасатын болса, нақты инфляция 20% деңгейінде сақталатын болады.

Мұның бәрі халықтың әлеуметтік жағ­дайының нашарлауына және эко­но­миканың нақты тоқырауына әкелуі мүмкін», дейді.

Ұлттық банк, сауда-серіктес ел­дер­дегі баға динамикасы біршама нашар­лағандығын, еуроодақта инфля­ция барынша баяу қарқынмен төмен­деп, ал оның орнықты бөлігі жоғары қал­пында қалғандығын айтады. Мәселен, Ресейде жоғары тұтынушылық сұ­раныс, рубль бағамының әлсіреуі және инфляциялық күтулердің артуы себебінен тұтынушылық инфля­ция жеделдей бастаған. Қытайда эконо­ми­ка­лық белсенділіктің ағымдағы төмен көрсеткіштері салдарынан дефляция байқалып отырған көрінеді.

Банк ұсынған базалық сценарийде биылғы инфляция – 10-12%, 2024 жылы – 7,5-9,5% , ал 2025 жылы – 5,5-7,5% шегінде болжануда.

Сонымен инфляциялық болжам­дар­дың басты тәуекелдігіне фискалдық ынталандырудың күшеюі, инфляциялық күтулердің тұрақтанбауы, Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі мен «Астық мәмілесін» қалпына келтірмеуі нәти­жесінде әлемдік азық-түлік баға­сының үз­діксіз өсуіне әкеліп отырғандығы, сондай-ақ жанар-жағармай нарығында баға белгілеу реформасының жалғасуы да өз әсерлерін тигізуде.

Ортамерзімді перспективада ел эко­но­микасының өсімі бойынша болжамдар жақсаратындығын, орнықты ішкі сұраныс, бюджет шығындарының өсуі және мұнай секторының қалпына келуі есебінен іскерлік белсенділік кеңейетін болады. Биыл ішкі жалпы өнімнің өсімі бұрынғыдай 4,2-5,2% деңгейінде күтілуде.

Сонымен Ұлттық банк нақты инфляция мен оның орнықты бөлігінің одан әрі белсенді баяулауы кезінде базалық мөлшерлеменің біркелкі төмендеуі жалғасатындығын айтады. Бас банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті жоспарлы шешімін осы жылдың 6-қазанында жариялайтын болады.

egemen.kz
07 қыркүйек 2023 ж. 185 0