Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізденуден жалықпаған

Ізденуден жалықпаған

«Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген қанатты сөз бар. Соңғы жылдары елімізде осынау ұлы мамандықты таңдаған жандардың қатары артып келеді. Оған себеп жоқ та емес. Мұғалімдердің жалақысының өсуі, «Педагог мәртебесі» туралы заңның бекуі, тіпті мұғалімдік мамандықты таңдаған студенттердің шәкіртақысының өсуі де өзінің септігін тигізіп отыр. Жасыратыны жоқ, бір кездері мардымсыз жалақы, артық жүктеме жүгін арқалап, қай жерде жылт еткен жиын болса сонда сүйрелейтін мұғалімдердің өмірін көрген адам ат тонын ала қашты. Десе де, қай кезде болмасын сүйікті мамандығының сынына шыдап, бала тәрбиелеу ісінде табанды еңбек еткен ұстаздар да бар арамызда.
«Педагог мәртебесі» туралы заң бізде ешқашан болған емес – бұл еліміздің білім беруді дамытуды ұғыну мен жүйелі заңнамалық қамтамасыз етудегі нағыз серпіліс. Бұл заңның қабылдануы мұғалімнің, педагогтың білім беру жүйесінің басты тұлғасы екенін толық түсінудің қиын және ұзақ кезеңінің нақты аяқталуы болды. Мұғалім адамзат өркениетінде ерекше рөл атқарады. Ол, шын мәнінде, өркениетті төртінші өлшемде – уақытпен байланыстыратын буын ретінде қызмет етеді.
Арал ауданы бойынша жалпы 50 мектеп бар. Онда 2568 педагог еңбек етеді. Оның ішінде кәсіби біліктілік санатқа 1821-і ие. Атап айтсақ, 2 педагог-шебер, 273 педагог-зерттеуші, 723 педагог-сарапшы, 667 педагог-модератор, 11 жоғары санатты, 60 – І санат, 85– ІІ санатты мұғалім еңбек етеді. Осылайша жалпы педагогтардың 71 пайызын құрап отыр.
Білім беру ұйымдарының педагогтары арасында ұйымдасырылған «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестік жетекшісі», «Жас ұстаз –2022», «Үздік бастауыш сыныптағы қазақ тілі пәні мұғалімі – 2022», «Үздік орыс тілі мен әдебиеті пәні бірлестік жетекшісі –2022», «Үздік кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Үздік алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімі –2022», «АӘжТД пәні бойынша үздік жас маман–2022», «Үздік дефектолог–2023», «Үздік педагог-психолог–2023» байқауларының облыстық кезеңге қатысқан 15 педагогтың 10-ы жүлделі орындар иеленді. Толығырақ тоқталсақ, облыстық «Үздік авторлық бағдарлама —2023» байқауында №21 орта мектептің директоры, география пәнінің мұғалімі Есепбаев Досбол Аманғалиұлы І орын иеленді. №220 орта мектептің математика пәні мұғалімі Әбдіжәлелов Әбдіқадыр облыстық “Математикалық регата” конкурсына қатысып, ІІ орын иеленді, республиикалық кезеңге қатысып, сертификат еншіледі. №220 орта мектептің математика пәні мұғалімі Бердалы Фариза облыстық “Үздік математика пәні мұғалімі – 2023” байқауында ІІІ орын жеңіп алды. «Үздік дефектолог – 2023» байқауының аудандық кезеңінде 1 орын иеленген №177 орта мектебінің дефектолог маманы Қалжан Альбина облыстық кезеңінен ІІІ орын алды. «Үздік педагог-психолог – 2023» байқауында №14 мектеп-лицейдің педагог-психологі Елшібаева Гүлзада облыстық кезеңіне қатысып, республикалық кезеңге жолдама алды.
Сондай-ақ аудандық «Үздік педагог–2023» конкурсында №14 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қонарова Жанна, №83 орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Әбдіқалықова Достықгүл, №82 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Мұханова Гүлнар, №231 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Исматуллаева Нұргүл, №62 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Баймаханова Гүлсара сынды мұғалімдер жеңімпаз атанды. Осы жеңімпаздардың жұмыстары облыстық кезеңге ұсынылды. «Үздік бағдарлама – 2023» облыстық байқаудан №177 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Шалманова Балнұр ІІ орын алды. «Үздік оқу ісі жөніндегі орынбасары – 2023» облыстық байқауда №177 орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Қасқырбек Күзембай ІІІ орын алды.
№262 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Мұқан Төлебаев нақты ғылымды оқытудың ерекше тәсілін ойлап тапты. Математиканы шағын футбол ережелері бойынша өтетін сабағы оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырды. Мұғалімнің озық тәжірибесі облыстық білім басқармасының және аудандық білім бөлімінің фейсбук парақшаларында жарияланып, насихатталды.
Міне, ұрпақ тәрбиесі жолында білімін мен білігін аямай, шәкіртін аялай жүрген ұстаздар қауымы осылайша өздерінің терең білім мен мол тәжірибе жиғандықтарын дәлелдеп, биік белестерді бағындырып жүр. Аудандағы саланың дамуына үлес қосып жүрген жандар мақтауға да, мақтануға да лайық.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
04 қазан 2023 ж. 288 0