Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент: Елімізде 5 мың педагог жетіспейді

Президент: Елімізде 5 мың педагог жетіспейді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтер съезінде елімізде қанша педагог жетіспейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы оқу бағдарламаларын жаңғырту қажет екенін мәлімдеді.

"Педагог - ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет", - деді Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент магистр дәрежесін алған педагогтер қатары артып келе жатқанын айтты.

"Жоғары курс студенттерінің педагогикалық тәжірибесіне айрықша мән беріледі. Болашақ мұғалімдер нақты білім беру үдерісіне барынша терең бойлау үшін жоғары оқу орындары мектептермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жыл сайын елімізде магистр дәрежесін алған біліктілігі жоғары педагогтердің қатары артып келеді. Қазір таңда олардың саны 21 мыңнан асты. Олар - білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсіби мамандар. Жаңа типтегі білім беру ұйымдарының болашақ басшыларының негізгі құрамы осындай мамандардан жасақталады. Жалпы педагогтердің біліктілігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Сурет: el.kz
05 қазан 2023 ж. 200 0